0:00 / 0:00
Биылғы жылы да дәстүрлі түрде мектеп бітірушілер кеші Абай алаңында ұйымдастырылды. Салтанатты шара мектеп түлектерінің шеруімен басталды. 2018 жылы ұйымдастырылған шараға 2018 түлек қатысып отыр.
Мерекелік кешті мектеп түлектерінен өзге, ата-аналар, көп жыл бойы ұстаздық қызмет жасаған ардагер педагогтар да тамашалады. Түлектердің шеруінен соң, сахна төрінде мерекелік кештің кейіпкерлерін құттықтау басталды.
Мерекелік кеш барысында түрлі білім сайыстарында ел намысын қорғап, байқауларда топ жарып жүрген жастар марапатталды. Кейін, тәуелсіздіктің тұтқасын ұстайтын жастар сөз алып, мерекелік кеш барысындағы әсерлерімен бөлісті.
Өнерлі бүлдіршіндердің әсем биі мен әуезді музыкасы мерекелік кешті нұрландыра түскендей болды. Қаламыздың кішкентай мың бұралған бишілері өнерімен көпшілікті тәнті қылды.
Бұл күн ата-аналар үшін ең маңызды саналады. Әрбір ата-ана бауыр еті баласы үлкен өмірге қадам басқан тұста, арманынан жаңылмай, мақсатына жетіп, адамгершілігі мол азамат болуын тілейді.
Биылғы мектеп бітіру кеші бұрынғы ұйымдастырылатын кештерге қарағанда ерекше болды. Бұл бірінші кезекте, мектеп түлектерінің шеруі болатын. Сондай-ақ, кеш барысында жастар тыңдайтын, замануи, әлемдік хит шерулерде топ жарып жүрген әуендерден құралған караоке де ұйымдастырылды.
Ал, мектеп бітірушілердің кеші дәстүрлі от шашумен аяқталды. 2018 жылы 2018 мектеп түлегі осылайша қаланың басты алаңында үлкен өмірге қадам басты. Олар армандаған жоғарғы оқу орынына түсу үшін енді бір сынақтан өтіп, білімдерін дәлелдеулері тиіс.