0:00 / 0:00
Партия құру оңай шаруа емес. Ал алда парламенттік сайлау тұр. Науқан кезінде оянатын саяси күштер бағын сынап қалуға тырысып жатыр. Тіпті сайлау алдында жаңа партиялардың дүниеге келуі де әбден мүмкін. Ендігі партия құрмақшы болып ниет білдіргендер Әділет министрлігінің тіркеуінен сүрініп те жатыр. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз маслихатында Әділет министрі партия құруға өтініштер келіп түскенін айтты.Өкінішке орай бұл өтініштер қабылданбай қалған.
Өз саяси көзқарасыңды, ұстанымыңды партия арқылы жеткізе аласың. Жалпы саяси партиялардың қоғамға қажеттілігі қанша деген сұраққа келсек. Саяси күштердің талабы, ұстанымы, елдің дамуына бағытталған бағдарламасы биліктің бір орында тұрып қалмауына серпін береді. Қоғамның даусы партяилар арқылы естіледі. Көптеген дамыған елдерде осылай қалыптасқан. Ал Қазақстандағы партияларға сайлау кезінде ғана жан бітеді деген пікір қалыптасқан қоғамда. Қазір 6 саяси партия саялау науқанында жанын салып, жұмыс істеп жатыр. Бәрі депутаттық креслодан үмітті. Ал елдегі саяси ахуал жаңа партиялардың дүниеге келуіне себеп болып жататыны сөзсіз. Әзірге бізде жаңа партия туған жоқ. Тек бұрынғы ескілері атауын жаңартты. Дегенмен, әділет министрлігіне партия құрмақшы болып, ниет білдіргендер бар. Министр Бекетаев келіп түскен өтінімдер қабылданбады дейді.
Марат Бекетаев – ҚР әділет министрі «Шынында да өтінімдер келіп түсті. Бірақ мен оларды оппозициялық деп атамас едім. Адамдар тобы саяси партия құрғысы келетіні жөнінде Әділет министрлігіне сұраныс жолдады. Бұл өтінімдер заңнама талаптарына сай болған жоқ. Сол себепті оларды тіркеуден бас тартылды. Бұл адамдар тобы қателікті қайта түзеп, өтінім жолдай алады»
«Саяси партиялар туралы» заңға сәйкес, партияның жоқ дегенде 20 мың мүшесі болуы тиіс. Саяси партия құру үшін басты мәселе-қаражат қажет. Партиялар, мәжіліс депутаттығына үміткер әр кандидат үшін 637 мың теңгеден жарна төлейді. Сондықтан бүгін ойлап, ертең партия құра салу оңай шаруа емес дейді Бекетаев.
Марат Бекетаев – ҚР әділет министрі «Партия құру оңай шаруа емес. Бұл – өте қымбатқа түсетін процесс. Кез-келген адам партияны құрай алмайды. Ол қоғамда беделді, абыройлы әрі артынан еретін жақтастары болуы керек. Саяси партияны құра алатын ресурсы барын дәлелдеуі тиіс. Заң талабы осы».
Ал саясаттанушылар болса, халық партиядағы тұлғаларға емес, бағдарламасына дауыс беруі тиіс дейді. Біздің елде министр айтқандай партия құру үшін, елге танымал болуың міндетті. Алайда әділет министрі нақты қанша адамнан партия құру туралы ұсыныс түскенін, және олардың кім екенін ашып айтпады. Себебі, мұндай мәліметтерді таратуға заң рұқсат бермейді дейді ол.