0:00 / 0:00
Ақжолдықтар халықтың несиесін кешіруді сұрады. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Азат Перуашев депутаттық сауалын Премьер-министр, Ұлттық банк төрағасы мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысына жолдады. Мәжілісмен барлық ипотекалық, тұтынушылық және шағын және орта бизнес үшін берілетін несиелердің шекті пайыздық мөлшерлемелерін ақылға қонымды деңгейге дейін төмендету бойынша шаралар қабылдауды ұсынды.
Халықтың несиесіне рақымшылық жасау туралы ұсыныс тағы да көрініс тапты. Соңғы кездері қоғам белсенділері мен депутаттар тарапынан несиелік рақымшылық жасау мәселесі жиі көтеріліп жүр. Бұған дейін Парламенттегі коммунистер фракциясы бұл мәселені көтергенді. Енді ақжолдықтар несиенің пайыздық мөлшерлемесін төмендетуді ұсынады. Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтің айтуынша, Дүниежүзілік банктің мәліметтері бойынша, биыл кедейлік шегінен төмен өмір сүретін қазақстандықтардың саны 1,5 есеге өскен. Яғни 800 мың адамға көбейіп, 2,3 миллионнан асып отыр.
Азат Перуашев – ҚР ПМД «Сонда еліміздің әрбір сегізінші азаматы кедейлік шегінде өмір сүреді екен. Бұл мұнай өндіруші мемлекет үшін қорқынышты және қолайсыз сандар. Сондықтан несиесін төлей алмай жүргендердің рақымшылық жасау туралы талаптары орынды және түсінікті».
Дегенмен, депутат несиелік рақымшылық жасау азаматтарымыздың кедейліктен шығуына себеп бола алмайды дейді. 2019 жылы жағдайы төмен азаматтардың 106 миллиард теңгеге жуық несиесі кешірілген болатын. Халықтың қажетіне несие алып, оны өтей алмай отырғаныны бірден-бір себебі- банктердің шарықтаған несие пайызы.
Азат Перуашев – ҚР ПМД «Біріншіден, банктер несие пайыздарын негізсіз көтеріп отырады. Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігі де базалық ставканы төмендетпей, жоғары проценттерді қолдап отыр. Екіншіден, Қаржы министрлігі жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңды қабылдамай отыр. Ал ондай заң болса, несиені төлей алмағандар соңғы баспанасын сақтай алатын еді».
Ақ жол фракциясының депутаттыр бұл мәселені 2013 жылдан бері көтеріп келеді. Сол кезде Үкіметтің алдына дамыған елдердің үлгісімен жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылдау қажеттілігі туралы мәселе қойғанды.Алайда, қаржы миниситрлігі органдар бұл ұсыныстан бас тартуда. Ал 2015 жылы фракция жеке тұлғалардың банкроттық туралы заң жобасын әзірледі, алайда, Үкімет оны Қаржы министрлігі Парламентке ешқашан енбеген басқа заң дайындап жатыр деген сылтаумен қабылдамады дейді Перуашев. Енді ақжолдықтар үкімет пен ұлттық банкке шұғыл түрде барлық ипотекалық, тұтынушылық несиелер мен ШОБ үшін несиелердің шекті пайыздық мөлшерлемелерін 7-8% деңгейіне дейін төмендетуді, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын әзірлеуді ұсынды. Мұндай жеңілдік жасалмаса, несиелік рақымшылық жасауға тура келеді. Әйтпесе кредитін өтей алмай қиналып жүргендер қарызын қайтара алмай, қаржы жүйесі қиындыққа тап болады дейді депутаттар.