0:00 / 0:00
Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа қабылдамаған компаниялар жазаланады. Бұл жайында бүгін Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты. Министрдің мәліметінше, бүгінде елде 690 мың мүгедек жан бар.
Бүгінгі заң талабы бойынша мекемеде жұмыс істеп жүрген қызметкерлердің 2,4 пайызын мүмкіндігі шектеулі жандар құрауы керек. Алайда мүгедектерді жұмысқа алу квотасы толық жұмыс істемей отыр. Еңбек министрінің айтуынша, жеке компаниялар мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа алғысы келмейді. Министрлік бұл мәселені әлемдік тәжірибені алға тарта отырып, компанияларды жазалау арқылы шешпек.
Бұған дейін хабарланғандай, еңбек министрлігі мүгедек жандарды мемлекеттік органдарда басшылық қызметке алуды ұсынғанды. Нұрымбетовтің айтуынша, тағдыр тәлкегіне түскен жандардың денсаулығы жарап тұрса, ел экономкиасына әкелер пайдасы көп. Енді осы идеяларды жүзеге асыру үшін келер жылы заң жобасын жобалау жоспары тұр. Сондай-ақ, мүгедектерді оңалту қызметтері де реттелуде. Мүгедек арбасын сатып алу үшін енді не бар соны алмайды. Арнайы құрылған әлеуметтік портал арқылы мүмкіндігі шектеулі жандар өзіне ұнаған жабдықты таңдап, тауарды ұсынушы соны жеткізіп береді. Ал әкімдік оның құнын өтейді.
Бүгінде елімізде мүмкіндігі шектеулі 690 мың адам бар. Оның 424 мыңы жұмысқа қабілетті болғанымен, 224 мыңы ғана жұмыс істей алады. Қазіргі уақытта олардың 106 мыңы еңбек етіп жүр.