0:00 / 0:00
Ақордада Қазақстан мен Беларусь Президенттері келіссөз жүргізді. Александр Лукашенконың елімізге ресми сапарында екі жақты бірқатар келісімдерге қол жеткізілді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Лукашенко қазақстан мұнайын Ресей арқылы тасымалдау мүмкіндігін талқылады. Сондай-ақ, екі мемлекет арасында сауда көлемін ұлғайту, гуманитарлық салада өзара байланысты нығайту, халықаралық ұйымдарда белсенді өзара іс-қимылды жалғастыру мәселелері сөз болды.
Беларусь Президентіне Қазақстан билігі ерекше құрмет көрсетті. Қазақ басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әріптесі Александр Лукашенконы әуежайға барып, қарсы алды. Ыстық ықыластағы қарсы алу рәсімінен соң, құрметті қонақ бүгін Ақордаға ат басын тіреді. Ақордада дәстүр бойынша қызыл кілем төселіп, оркестр екі ел әнұранын орындады. Одан әрі президенттер екіжақты кездесуге бет алды. Жабық түрде өткен шағын форматтағы кездесуді журналситер залда асыға күтті. Тоқаев пен Лукашенко екі елдің ынтымағын нығайту мақсатындағы біраз шаруаны талқыладық деді.
Лукашенконың сөзінен Тоқаевқа деген ерекше құрметті аңғардық. Қашанда ашық, тік сөйлейтін Беларусь президенті екі жақты келісімдер бойынша қазақтардың көңілінен шығамыз деді.
Сондай-ақ, Лукашенконың елімізге ресми сапарында қазақстандық мұнайды Ресей арқылы тасымалдау мүмкіндігі талықланды. Бұл мәселе Ресеймен талықланып барып, шешілмек. Беларусь жағы болса мұнай шикізатына қызығушылық танытып отыр.
Қазақстанның бас энергетигі әзірге Беларуське мұнай мен мұнай өнімдерін экспорттау туралы келісімге қол қойылмағанын айтады. Нақты қанша мұнай қажет, қашан тасымалданады, ол уақыт еншісінде дейді Бозымбаев. Ал Беларусь еліне мұнай тасымалдауға Ресей кедергі болуы мүмкін бе?
Айта кетейік,кеше өткен Қазақстан-Беларусь бизнес форумында 74 миллион доллардың 15 келісіміне қол қойылды.Соның ішінде екі елдің ауыл шаруашылығы министрліктері Алматы облысында сүт-тауарлы фермасын салуға келісті. Жоба бойынша жұмыс 2020 жылы басталады.