0:00 / 0:00
Он жылдан артық үй кезегінде тұрып, жаңа жылда баспаналы болдық деп сүйіншілеген елордалықтардың қуанышы көпке созылмады. Әкімдік берген жалдамалы пәтерлердің сапасы сын көтермейді. Әлеуметтік осал топтағы жандарға берілген үйдің төбесі жарылып, терезеден соққан суық жел тұрғындарды әбігерге түсірді. Тіпті лифтісі жұмыс істемейді. Арбаға байланған мүгедектер мен егде тартқан қарттар сыртқа шығудан қалдық деп отыр. Ал құрылыс компаниясы тамаша үй салдық деп Міз бақпайды. Басқарушы компания болса, құрылысшылар өз жұмысын толық аяқтамай үйді қабылдамаймыз деп отыр. Осылайша екі жақты теке-тірестің салдарынан тұрғындар зардап шегуде. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жыры бітпей қойған аталмыш көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысын аяқтауға 2,9 млрд теңге бөлінген. Осылайша 530 пәтерлі 5 тұрғын үй кешені салынды. Құрылыс компаниясына кемшіліктерді жою тапсырылды.
Жаңа жылда баспаналы болдық деп сүйіншілеген елордалықтар, әкімдік берген үйдің кілтін алғанымен, қоныс той жасай алмай отыр.Сарыарқаның сарышұнақ аязы мен ақталған боранында үйде емес, дала отырғандай күн кешіп отырған тұрғындар әкімдік сапасыз баспана берді деп шағымданады. Мұнда ардагерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, жалғызбасты аналар тұрады. Пәтердің төбесі жарылған. Қабырғалары түсіп жатыр. Терезенің жақтауларынан дала көрініп тұр. Қабырғасын мұз басқан. Мәкіш апа бір бөлмелі жалдамалы баспананы 14 жыл кезекте тұрып күткен. Тыл еңбеккері, Семей полигонынан зардап шегуші ретінде алған үйдің сиқы сын көтермейді. Қария 6 қабатқа әрең көтеріліп, түсіп жүр. Себебі, лифт жұмыс істемейді. Терезеден соққан суық жел берекемізді қашырды дейді.
Спановтар отбасы да бұл үйді көп жыл күтті. Қос қарияға аядай бір бөлмелі пәтер мүгедектігі үшін берілген. Қыздары Сағира ата-анасын бағып –қағып отыр. Суық үйде тоңған қариялар киіммен ұйықтайды дейді. Мүгедек арбасымен дәретханаға кіріп-шығу мүмкін емес. Есігі тым тар.
Айта кету керек ел астанасының оң жағалауында бой көтерген көппәтерлі тұрғын үй кешені 12 жыл бойы салынды. Тұрғындар құрылысшыларға өз шағымдарын жеткізді. Мәлім болғандай жыры бітпей қойған бұл кешенді салуда бірнеше құрылыс компаниясы ауысты. Соңғы болып салған компания өкілі тамаша үй тұрғыздық деп отыр.
Русланбек Қапанов - «темірқұрылыс» ЖШС директоры -«Бұл эконом-класс, әлеуметтік баспана. Сапасы жақсы. Меніңше жақсы үй салдық.»
Ал басқарушы компания өкілі құрылысшылар өз жұмысын толық аяқтамай үйді қабылдамаймыз деп отыр. Сол себепті де лифт жұмыс істемейді, қоқыс жиналмайды.
Андрей Фомичев - басқарушы компания директоры -«Біз құрылыс компаниясы емеспіз. Бұл үй 12 жыл салынды. Қазір бұл үйді жұмысы толық аяқталмаған қалпында қабылдай алмаймыз».
Нұр-Сұлтанда құрылыс қарқынды жүріп жатқаны мәлім. Бой көтерген тұрғын үй кешендерінің атауынан шатысасың. Көздің жауын алатын сапалы, тамаша үйлердің бағасы да шарықтап тұр. Тек қаланың шетіндегі әлеуметтік топтар үшін, мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлердің сапасы тұрғындар күткендей болмай жатады. Онсыз да тағдырдың тепкісін көрген жандарға, қолайлы, сапалы үй салып беруге болмас па еді.