0:00 / 0:00
Ақмола облыстық балалар ауруханасына өкпесіне суық тиіп түскен 2,5 жасар Бауыржан Құралбек бір қолынан айырылды. Осыдан 20 күн бұрын баланың қолына катетр қойылып, антибиотик егілгеннен кейін, қолына қан жүрмей, иығына дейін ірің жүріп, қарайып кеткен. Баланы осы жағдайда екі күн ұстаған облыстық дәрігерлер, ақыры оның қолын шынтағынан кесуге мәжбүр болған. Қазір бүлдіршін Нұр-Сұлтан қалалық балалар ауруханасында ем алып жатыр. Баласын дәрігерлерге сеніп тапсырған анасы Ақбөпе, өкпесін емдетеміз деп мүгедек болдық деп зар жылайды.Қолы кесілген баланың жағдайына қатысты Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бұл оқиғаны бақылауға алатынын айтты.
2,5 жасар бүлдіршінді мүгедек қылған дәрігерлер жауапты ма? Баласының өкпесіне суық тиіп облыстық ауруханаға жүгінген ана мұндай сұмдыққа душар болам деп ойлағам жоқпын деп жылайды. Қарашаның 22 күні Ақмола облыстық ауруханасына түскен Бауыржан Құралбекті дәрігерлер өкпе қабыну ауруынан емдейді. Анасының айтуынша, суық тиюмен қатар, баланың өкпесіне ет тұрып қалған. Осыдан тәуір болып қалған бала жансақтау бөлімінен, палатаға шығарылғанда қолына катетр қойылған. Сол арқылы оған антибиотик егілген. Осы екпеден соң баланың қолына қан жүрмей, қарая бастаған. Дәрігерлерге қанша айтсақ та, қолын уқалай беріңіздер, солай болады деп жауып қоя салған. Алайда, бүлдіршіннің қолы іріңдеп, қарайып кеткен.
Сол қолы шынтағынан кесілген баласына есі кіргенде не деп айтамын деп, жылайды анасы.
Айта кету керек, Құралбектер отбасы Нұр-Сұлтаннан 10 шақырым жердегі ауылда тұрады. Алайда ол ауыл Ақмола облысына қарасты болғандықтан, баласының жағдайы нашарлағанда елорда ауруханасы оны қабылдамай қойған. Ауры халдегі баланы 300 шақырым Көкшетау қаласына апаруға мәжбүр болдық дейді анасы.
Осы мәселеге қатысы пікір білдірген Денсаулық сақтау министрі мұндай жағдайда кез-келген аурухана қабылдауы тиіс деп отыр.
Баласының мүгедек болып қалғанына дәрігерлерді кінәлаған анасы, құзырлы органдарға шағымданбақшы. Ал бастарына қиындық түскен отбасынан Ақмола облыстық балалар ауруханасынан хабарласып, кешірім сұраған ешкім жоқ дейді ол.