0:00 / 0:00
Елбасы Қазақстан Халқы Ассамблеясының 22-шы сессиясында 1-ші наурызды алғыс айту күні деп бекіткен еді. Міне, төрт жыл бойы күллі қазақстандықтардың баршасы осы датаны ерекше ілтипатпен атап өтеді. Жылдағы дәстүрден жаңылмаған этностар еліміздің аумағында тұңғыш рет орнатылған "Қазақ халқына мың алғыс" ескерткішінде бас қосты.
Көктемнің алғашқы мерекесінің тарихы тереңде жатыр. Солақай саясаттың салдарынан мыңдаған адам туған жерінен қоныс аударып, өзге жерге көшіп жатты. Өзі де қиын жағдайды бастан кешіп, аштықтан млндаған бауырын жоғалтқан қазақ халқы саясаттың құрбаны болған өзге ұлттың өкілдеріне бауырына басып, көмектесіп, қолындағы барымен бөлісті. Түрлі жылдарда еліміздің аумағына 20530 кәріс, 800 мың неміс пен 156 мың Солтүстік Кавказ халықтары қоныс аударған. Өткен тарихтың маңыздылығын айшықтай түсетін алғыс айту күнінде сөз алған әрбір этнос өкілі қиын қыстау күндерді баяндады. Бірліктің арқасында тағдырдың тауқыметін тартып келген әрбір этнос қазақ даласынан өз Отанын тапты.
Алғыс айту мерекесінің тәрбиелік маңызы зор. Біріншіден ұрпақ сабақтастығы болса, екіншіден өткен тарихты түгендеуге көмектеседі.