0:00 / 0:00
Арыстағы жарылыстың орын алғанына бір жыл толды. Қаладағы оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстың салдарынан 3 адам қаза болды. Бүгін Арыс трагедиясының орын алу барысын тексеру нәтижесін жариялаған Қорғаныс министрінің орынбасары Бақыт Құрманбаев жойқын жарылыста қаза тапқандардың саны әлдеқайда көп болуы мүмкін еді деді.
Өткен жылдың 24 маусымындағы жойқын жарылыс бейқам жатқан Арыс қаласының тұрғындарын шошытып, адамдар зәре-құты қалмай, қаладан жаяу қашқан сәті есімізде. Қаланың 43 мың тұрғыны бір сәтте үй-жайын тастап кете берген еді. Арыс қаласына тиіп тұрған қоймадағы жарылыс салдарынан адамдар баспанасыз қалғанды. Ғимараттар қирады. Қала бейне бір соғыстан кейінгі күйде қалған еді. Салдарынан үш адам қаза тапты. Әскерилердің айтуынша, Арыстағы жарылыста қаза тапқандар мен трагедия ауқымы мұнан да үлкен болуы ықтимал еді.
Бақыт Құрманбаев – ҚР қорғаныс министрінің орынбасары; «Ахуалды ушықтырғым келмейді. Бірақ, қаза тапқандар саны бұдан да көп болар еді. Трагедия ауқымы да үлкен болуы ықтимал еді. Жағдай аталған өңірдегі ыстық климатқа байланысты да күрделене түсті. », Кейбір снарядтар тым ұзаққа ұшып кеткен. Тіпті бір снарядтың 15 шақырым жерге барып құлағаны да анықталып отыр. Әскери өрт сөндіру командасы арсеналдағы өртпен 1 тәулік бойы күресіп, жаралыстардың одан ары таралуына жол берген жоқ. Оқ-дәрі құлаған жерлердің бірде-бірінде жарылыс орын алған жоқ».
Генерал Құрманбаев, оқ-дәрілердің құлаған жерінде жарылмауы олардың жарғыш білтесіз сақталуымен байланысты болды деп отыр.
Бақыт Құрманбаев – ҚР қорғаныс министрінің орынбасары; «Жарғыш білте жеке сақталады. Олардың негізгі бөлімі сол арсеналдың өзінде қалды. Ресей, Тәжікстан және АҚШ-тан сарапшылар келіп, Арыста жүргізілген жұмыстарға баға берді. Халықаралық сарапшылар ондаған мың тонна оқ-дәрі жарылған кезде қаланың барынша аз қирауы, азаматтық тұрғындар арасында қаза тапқандар санының барынша аз болуы әлемдік тәжірибедегі теңдессіз оқиға екендігін атап өтті»
Еске сала кетейік, Арыстағы жойқын жарылыста қала тұрғыны мен екі әскери қызметші қаза болғанды. 170-ке жуық адам зардап шекті. Арыстағыдай елді мекендерге жақын орналасқан әскери қоймалар бізде баршылық. Бір жыл бұрынғы трагедия қорғаныс министрлігін орынынан қозғалтты. Халықтың қауіпсіздігі үшін, тек Арыстағы арсеналдан 20 мың тоннадан астам оқ-дәрі шығарылған. Тағы да осындай қоймалардан 750 тоннадан астам ірі калибрлі оқ-дәрілер шығарылған еді.