0:00 / 0:00
Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәжіліс төрағасынан сөз естіді. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысына келген министр Жамаубаев «Мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қорғаған болатын. Алайда, құжатты талқылау барысында спикер Нұрлан Нығматулин заң жобасын жетілдіру мәселесі мүлдем қамтылмаған деп сынады. Яғни мемлекеттік сатып алулар арқылы «ақша жасаудың көзін жою керек»- деген, президенттің тапсырмасы аяқсыз қалған деді төраға. Өз кезегінде еліміздің бас қаржыгері басы салбырап, сабаққа дайындық келген оқушының күйін кешті.
Мемлекеттік сатып алулар шенеуніктер үшін қазына қаржысын жымқырудағы таптырмайтын жүйе. Елде қаншама лауазымды тұлға сыбайлас жемқорлық жасап, ақша ұрлап істі болып жатыр. Мұның бәрі сол мемлекеттік сатып алуларды өткізуде, ауыз жаласып, белгілі бір компанияны таңдап, бюджет қаражатына қол жеткізуге мүмкіндік жасағандар. Осылайша, шенеунік екі ортада жеңгетайлық рөлін орындап, өз міндеті үшін сыйақысын алып жатады. Заң күшейтілді, тендер өткізу электронды жүйеге өтті. Бірақ бәрібір қазынаға қол сұғушылық тыялар емес. Президент бұл заңнаманы жетілдіріп, мемлекеттік сатып алулар арқылы «ақша жасаудың көзін жою керек»- деген, тапсырманы үкіметке жүктеген болатын. Яғни тендерді бір көзден өткізуді жою. Осы өзгеріспен Мәжіліске келген Қаржы министрі шикі жұмыстары үшін депутаттардан сөз естіп қайтты. Министр Жамаубаевқа шүйліккен мәжіліс төрағасы, Президенттің тапсырмасын аяқсыз қалдырдыңыздар деп сынады.
Нұрлан Нығматулин – ҚР парламент мәжілісінің төрағасы «Бәрі сапасыз жоспарлаудан басталады. Осы мақсатқа жету үшін бір сөзі жоқ құжатты әкелдіңіз. Депутаттар жазып берген нормаларды оқып тұрсыз мына жерде. Ерұлан Кенжебекұлы, мүмкін сіз өзіңіз бұған қызығушылық танытып отырған шығарсыз? Себебі, сапасыз жоспарлаудың пайдасы бар. Кейін проблемалы суда балық аулау оңай болады. Шенеунікке мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізіп, оны жарамсыз деп жариялау, содан кейін бір көзден келісім жасау жақсы және оңай. Осылайша сіз өзіңіздің барлық компанияларыңызды алдыңғы нәтижелермен өзіңізге қажет нәтижеге жеткізесіз».
Сабаққа дайындықсыз келген оқушының күйін кешкен қаржы министрі басын шұлғып тұра берді. Оның жер-жебіріне жеткен спикер, министрге бір ауыз сөз айтуға мұрша бермеді. шум
Мәжіліс төрағасы келтірген дерекке сүйенсек, Президенттің Жолдауында мемлекеттік сатып алулар бойынша қыруар қаржы бір көзбен өткені айтылды. Мысалы, 2018 жылы мемлекеттік сатып алулар бойынша 4,4 трлн теңге тендерде ойнатылған болса. Оның 3,3 трлн теңгесі яғни 75 пайызы бәсекелестікке түспей, бір көзден өткен. Мәжіліс енді мемлекеттік сатып алулар конкурсы үшін жауапты бірінші басшылар яғни министрлерге мұндай заңсыздыққа жол бергені үшін 100 АЕК айыппұл салуды ұсынды.