0:00 / 0:00
Биыл қала күні дәстүрлі от шашусыз тойланбақ. Бұл туралы шаһар басшысының орынбасары Бақытжан Нарымбетов мәлімдеді. От шашудан үнемделген қаражат Зашаған кентінде орналасқан №5 қалалық кітапхананың жөнделуіне жұмсалған.
Биыл қала күні бір апта бойына тойланады. Мерекелік іс-шаралар үшінші қырқүйектен басталады. Оралдықтарға арналған мерекелік шаралар үшін бюджеттен 9 млн теңге қаражат бөлініпті. Сондай-ақ, шаһардың туған күнін ұйымдастыру үшін демеушілер де 9 млн теңгедей қаражат жинап берген.
Қала күнін тойлауда ерекшелік көп. Мәселен, биыл алғаш рет "Жайықтың би әлемі" атты облыстық сайыс ұйымдастырылмақ. Бишілердің өнерін 5-ші қыркүйекте амфитеатрдан тамашалауға болады. Сондай-ақ, оралдықтар мен шаһар қонақтары бір апта бойы түрлі мәдени кештер мен фестивальдарды тамашалай алады.
Негізгі мерекелік шара 7-қыркүйек күні таңғы тоғыздан басталмақ. Абай атындағы арбаттан басталған шара Петр Атоян атындағы стадионда мерекелік концертпен қорытындыланады. Сондай-ақ, қала күнінде Исатай мен Махамбетке арналған ескерткіші ашылып, жөндеу көрген кітапхана қолданысқа берілмек.