0:00 / 0:00
Мәжіліс депутаты Азат Перуашев қаржы министрлігінің азаматтардың ақша аударымдарын тексеруге қатысты бастамасын сынады. Еске сала кетейік,
жақында қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов ведомство келешекте қазақстандықтардың банк картасы арқылы жасайтын операцияларын тексеруді жоспарлап отырғанын айтқан еді. Осы мәлімдемеден кейін, "Ақ жол" партиясына көптеген хат келіп түскен. Вице-министрдің бұл ұсынысы қоғамда үлкен дау туғызып, сынға ілінді. Азат Перуашев Қаржы министрі Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында халықты үркітіп, дүрліктіріп отырсыздар деді. Депутат сауалын бүгін өткен Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында жариялады.
Өткен аптада бері қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселе- банк картасы арқылы жасаған төлемдерді тексеріп, бақылауға алу. Қаржы министрлігі тарапынан жасалған ұсыныста төлем карталары арқылы жасалатын операцияларды бақылауға ала отырып, салықтан жалтарған кәсіпкерлердің табысын анықтау арқылы бюджетке түсетін салықты ұлғайту көзделуде. Бұл бастама төлем картасы арқылы сауда жасап, ақша аудару операцияларын жүргізтін қарпайым халыққа жүк болады дейді депутат Перуашев. Ол бұл ұсынысқа үзілді-кесілді қарсылық білдіріп, сынға алды.
Ел Президентінің жолдауында үкіметке шағын бизнесті алдағы үш жылда салықтан босату туралы тапсырма берілгенін еске салған Перуашев. Ал бұл бастама бизнеске кедергі болатынын айтады.
Ал Бас банкир Ерболат Досаевтың пікірінше, бұл көлеңкелі экономиканың үлесін азайту үшін жасалып отырған ұсыныс.
Ерболат Досаев – ҚР ұлттық банк төрағасы; «Банк арқылы жасалатын ақша аударымдарына салық салады деп ойламаймын. Тек осы төлемдерден салық төленіп-төленбегенін көріп отырғысы келеді. Бұл мәселені ұлттық банк пен қаржы министрлігі бірлесіп қарап жатыр. Қолма-қол ақшасыз төлем жасау көлемі ұлғайса, бюджетке түсетін кіріс те артуы керек деп ойлаймын. Бұл қалыпты нәрсе, себебі ақша көлеңкелі экономикадан шығады».
Депутаттың мәліметінше, табысы жылына 100 мың доллардан асатын қазақстандықтардың үлесі небәрі 0,4%. Халықтың 97%-ы жылына 10 мың доллардан аз табыс тапса, Қазақстанның бүкіл кірісінің жартысы 0,001%-ке немесе 162 адамға тиесілі екен.Сондықтан 0,4 пайыз үшін қазақстандықтардың қалған 99 пайызын дүрліктіріп, үркітіп-қорқытудың қажеті жоқ деді Азат Перуашев. Одан да млрдтап пара алып, ақшасын офшорға шығыратындарды аңдыңдар дегенк еңес берді үкіметке.