Редакция: +7 (7112) 93-34-33

Жарнама бөлімі: +7 (775) 906-38-00, +7 (707) 716-97-77

11:00

Жаңалықтар

13:30

Жаңалықтар

18:30

Жаңалықтар

21:00

Жаңалықтар

Бизнеске заңсыз араласу тоқтатыла ма?

c 09:28, 25/06/2021 c 837

0:00 / 0:00

Парламент Сенаты  «Рейдерлікке қарсы күресті күшейту, кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың заңсыз араласуынан қорғау және бағалы металдардың заңсыз айналымына кедергі келтіретін шараларды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын екі оқылымда қарап, қабылдады. Бұл депутаттардың бастамасымен әзірленген заң жобасы.  Енді Қылмыстық, Қылмыстық-процестік кодекстерге, «Прокуратура туралы» және «Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек. Сенаторлар аталмыш құжат ел бизнесінің жұмысына заңсыз араласқандарға қатысты қылмыстық жауапкершілікті күшейтуге жол береді деп отыр.

Қазақстанда кәсіпкерлікке заңсыз араласқандарға қатысты қылмыстық жауапкершілік күшейеді. Сенат қабылдаған рейдерлікке қарсы күресті күшейту құжаты осы мәселені қамтып отыр. Егер бизнестің жұмысына заңсыз араласқан лауазымды тұлғаның кінәсі дәлелденсе, ол 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бұған дейін бұл жаза түрі 3 жылдан 7 жылға дейін болатын. Енді рейдерлік жасауды ұйымдастырғандарды да  қылмыстық жауапкершілікке тарту қарастырылған. Себебі, өзі ісін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлерге қатысты заңсыз кедергілер көп дейді депутаттар. Кәсіпорындарды заңсыз басып алу, бопсалау. Жасанды құжаттар жасап, бизнесін күштеп тарту алу деректері орын алуда. Прокуратура мұндай деректердің барын жоққа шығара алмады.

Сенаторлар келтірген дерекке сүйенсек, шағын және орта бизнеске қатысты жүргізілген тексерудің әрбір бесіншісі кәсіпкердің құқығын бұзу арқылы орын алған. 9 мың заңсыз қозғалған әкімшілік өндіріс, 3 мың заңсыз шектеу тіркелген. Дегенмен, соңғы үш жылда Қазақстанда жалпақ тілмен айтқанда «рейдерлік» бабы бойынша үш тұлға ғана сотталған. Жаңа заң жобасы кәсіпкерлікке заңсыз араласуды тоқтатады деп сендіреді депутаттар

Отандық кәсіпкерлерді рейдерліктен және құқық қорғау мен бақылаушы органдардың заңсыз іс-әрекеттерінен қорғауға арналған құжат бизнестің дамуына қолдау болады деген үміт бар.

ТДК 42 телеарнасының сайтында tdk42.kz жарияланған барлық материалдар телеарнаның меншігі. Авторлық құқық қорғалған. Материалдарды сілтемесіз tdk42.kz көшіріп басуға, рұқсатсыз жариялауға тиым салынады.