0:00 / 0:00
Елдегі төтенше жағдайға қарамастан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы өсіп жатыр. Мұны үкіметтегі шенділердің өзі де мойындап отыр. Өкінішке орай, қиын жағдайға қарамай өз пайдасын асырып жатқандар бар деді премьер-министр Асқар Мамин. Бүгін өткен үкіметтің онлайн селекторлық отырысында азық-түлік бағасының өсуіне себеп болып отырған мәселелер талқыланған еді. Сауда министрлігінің дерегінше, елдегі сауда-логистикалық инфрақұрылым нысандарының бір-бірімен дұрыс үйлестірілмеуі тұтынушыға дейін жеткізетін тауар жолын қиындатып жатыр. Тілші тарқатады.
Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алады демекші. Төтенше жағдай барысында жұмысынан айырылып, тиын санап қалған халыққа бұл соққы аздай, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы да өсіп кетті. Үкіметтегілер бағаның өсуіне бірден бір себеп- сауда-логситикалық инфрақұрылымдарының бір-бірімен жұмыс істеуі дұрыс ұйымдастырылмаған деп отыр. Біріншіден азық-түлікті ұзақ сақтайтын сапалы қоймалар аз. Бұл ауыл шаруашылығы өндірушілерінің шығынын арттырып отыр.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, республикада көкөніс сақтау қоймаларының тапшылығы шамамен 70%-ті құрайды, ал кейбір өңірлерде бұл көрсеткіш 90%-ке жеткен. Сауда министрі бұл жағдай да тұтынушының қалтасын қағады дейді.
Ал елдегі базарлардың бірде бірі заман талабына сай емес. 750 сауда базарының жарысында жағдай жасалмаған.Базарларда азық-түлік қоймалар аз. Бұның бәрі бағаның шарықтауына тікелей әсер етеді. Осылайша үкімет азық-түліктің қымбататуына әсер етіп отырған факторларды дәл пандемия барысында байқады ма , кім білсін. Бұл мәселені енді қолға алмақшы.
Мамин енді үкімет азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен бағаны бақылаудың жаңа деңгейіне өтеді деді. Үкімет ұлттық тауар өткізу желісін, көтерме тарату орталықтары кешенін құру туралы шешім қабылдады. Бұл орайда Еуропа елдерінің үздік тәжірибелері назарға алынбақ.