0:00 / 0:00
Ауғанстандағы этникалық қазақтардың алғашқы легі тарихи отанына оралды. Сыртқы істер министрлгінің хабарлауынша, 9-ы қыркүйек күні Кабулдан Алматы әуежайына Қорғаныс министрлігінің арнайы ұшағы келіп қонды. Бұл ұшақпен 35 қандас елге әкелінді. Жалпы 41 жолаушы ұшып келді, олардың ішінде Қазақстанның 4 азаматы, Қырғызстанның 1 азаматы және Қазақстанда тұрақты тұратын 1 ауған бар. Келген жолаушылар карантиннен өту үшін уақытша оқшауланды.
Ауғанстанда тәліптер билігі жүріп жатқаны мәлім. «Талибан» қозғалысы күшпен басып алған ауған елінен кетіп жатқан босқындар легі өте көп. Елдегі жайсыз жағдайға қатысты этникалық қазақтар да ата жұртына бет бұрды. Ауғанстандағы қазақтар әлеуметтік желі арқылы Қазақстан билігінен көмек сұрағанды. Қандастардың бұл тілегі жерде қалмады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен, күні кеше елге Ауғанстаннан 35 қандасымыз оралды. Қазақтардың тарихи отанына оралуын ұйымдастырған сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, арнайы ұшақпен Кабулдан Алматы қаласына әкелінген қандастар карантиннен өту үшін уақытша оқшауланды. Ата жұрттың жеріне табаны тиген ауған қазақтары өзінің «қазақ» екенін дәлелдеген жағдайда ғана рұқсат алғандарын айтады.
Министрліктің хабарлауынша, эвакуациялық рейсті ұйымдастыру "Талибан" қозғалысымен үйлестіріліп жүзеге асырылды. Қазақстанның Кабулдағы Елшілігі өтініш берушілердің этникалық сәйкестігін растау және қандастарды қайтару жұмыстарын жалғастыра бермек. Ал бұған дейін елшілермен өткен кездесуде Мемлекет басшысы Қасмы-Жомарт Тоқаев қазақ диаспорасын елге қайтару жұмысы жүріп жатқанын, сондай-ақ ауғанстандық студенттерге білім беру визаларын ұзартқанын мәлімдегенді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ –ҚР ПРЕЗИДЕНТІ –«Гуманитарлық ұстанымдарға сәйкес ауғанстандық 57 студенттің білім беру визаларын ұзарттық.Біз ауғанстан мәселесі бойынша ТМД,Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше елдермен, Таяу Шығыс елдерімен байланыстамыз. Әзірге Ауғанстандағы жағдай аймақтық қауіпсіздік жайында ойландырып отыр».
Сыртқы істер министрлігі осыған дейін Ауғанстан аумағында 15-ке жуық этникалық қазақтардың отбасы тұрады. Нақтырақ айтқанда 200-дей қазақ бар деп мәлімдегенді. Алайда Ауғанстанда тұратын қазақтар өздерінің бұдан көп екенін айтып, 30-ға тарта отбасын санап шыққан.