0:00 / 0:00
Мәжіліс депутаттары Премьер-министр Асқар Маминді Парламентке шақырды. Депутаттар Үкімет басшысынан қауіпті індетке бөлінген қыруар қаржының есебін беруді сұрады. Сондай-ақ, елдегі ең төменгі күн көріс деңгейінің шамасын өсіруді талап етті. Сын сағатта халық табысынан айырылып, қант-шайына ақша таба алмай қиналды. Мәжілісмендер азаматтардың күнделікті тұтынатын азық-түлігін, күн көріс шамасын өздері есептеп көрген екен. Алайда, баға шарықтап жатқанда елдегі ең төменіг күн көріс деңгейі тым төмен екеніне көз жеткізіпті. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысы депутаттық сауалдармен толыққан еді.
Жайдары жазда шетел асып демалмаса да, ел ішінде тынығып қайтқан депутаттардың айтары көп. Мәжілісмен Жамалов қауіпті індет жайлап, карантинге жабылған сәтте, табысынан айырылғандарға берілген аты-шулы 42500 теңгеге шүйлікті. Бұл сома қазақстандықтар үшін жыртығына жамау бола алмады дейді депутат. Ең төменгі күн көріс деңгейі 32 668 теңгені құрайды. Алайда, бұл баға күйіп тұрған сәтте, өмір сүруге жеткілікті ме? Үкіметке жолдаған сауалында мәжілісмен күн ең төменіг күн көріс деңгейін өсіру қажет дейді.
Аманжан Жамалов – ҚР парламент мәжілісінің депутаты «Төменгі күн көріс құрылымындағы тауар түрлеріне көрсетілген шығын көзі сандырақ. Ең төменгі күн көріс деңгейін дүкенге, базарға бармайтын адамдар есептеген сияқты. Мысалы, кем дегенде бір айда бір адамға ет сатып алуға 2425 теңге, макаронға 147 тг, қарақұмыққа 65 тг, күрішке 270 тг, шайға 18 тг тағысын тағы жұмсалады».
Ал депутат Әлтаевтың сауалы үкімет басшысына арналды. Ол Маминнен парламентке келіп, коронавируспен күрес шараларына бөлінген қыруар қаржының есебін беруді талап етті. Депутаттың айтуынша, Қазақстанда қажетті медициналық инфрақұрылым бар. Осы салада кәсіби мамандар мен ғалымдар жұмыс істеп жатыр. Медицина саласына жыл сайын бюджеттен қомақты қаржы бөлінеді. Ал медициналық сақтандыру аясында халық пен бизнес жарна төлеу арқылы отандық медицинаға біраз ақша аударып жатыр. Алайда, денсаулық сақтау саласы қауіпті індет кең тараған сәтте өзінің жұмысын көрсете алмады.
Коронавируспен күреске бөлінген млрдттар мен ештелдерден келген қайырымдылық көмекті қоссақ, Қазақстандағы коронавирустың салдары төмен болуы керек дейді Әлтаев. Өкінішке қарай, сұмдық жағдайға тап болдық. Өткен айларда індет жұқтырғандар саны күррт артып, адам өлімі көп тіркелді. Ал медициналық қызметтің сапасы сын көтермеді. Ауруханада орын жетіспеді. Дәрі-дәрмектердің тапшылығы қолдан жасалды. Мәжілісмен, осы келеңсіздер үшін Үкімет басшысы депутаттар алдына келіп жауап беруі керек деп санайды.
Нұржан Әлтаев –ҚР парламент мәжілісінің депутаты "Құрметті Асқар Ұзақбайұлы, мен сізді парламентке келіп, халық алдында және халық өкілдері алдында коронавируспен күрес бойынша атқарылған жұмысқа есеп беруіңізді сұраймын. Қыруар қаржының қалай игерілгенін, коронавирус құрбандарының саны мен ауыр жағдайдың себебін айтып берсеңіз. Әйтпесе, денсаулық министрін алып тастады да, сонымен бәрі тынышталып қалды. Ал болған жағдайға кім жауап береді?
Елде Төтенше жағдай режимі алынып тасталғаннан кейін, мемлекет басшысы қауіпті індетпен күреске 13 млрд доллар бөлінгенін мәлімдеген болатын. Еңбек министрлігінің мәліметінше, 4 миллионнан аса адам табысынан айырылды.