0:00 / 0:00
Батыс Қазақстан облысының спорт басқармасының бұрынғы басшысы Мүсілім Оңдағанов қайта қамауға алынды. Оңдағанов 2014 жылы 200 млн бюджет қаржысын жымқырғаны үшін 12 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Кейін жазасын өтеу мерзімі 9 жыл 9 айға қысқартылған-ды. Оның жеті жылға жуығын Оңдағанов түрмеде өткізді. Ал осыдан 6 күн бұрын ғана түрмеден босап шыққан болатын. Алайда отбасына оралып, бостандыққа шықтым деген Мүслім Оңдағановтың қуанышы көпке созылмады. Қостанай облыстық сотының алқасы сотталушы мемлекетке келтірілген 60 млн теңгеге жуық залалды толық өтемеді деп, оны қайта қамау туралы шешім шығарған. Осы шешімге сәйкес, арнайы жасақ сарбаздары сотталушы Оңдағановты Оралдағы үйінен алып кетті. Алайда оның қорғаушысы бұл заңсыз әрекет деп отыр.
Осылайша БҚО спорт саласын басқарған экс-басшы Мүсілім Оңдағановқа қатысты үлкен дау туды. Оралдағы үйінде Оңдағановты ұстау барысында заң бұзушылықтар орын алды дейді оның қорғаушысы. Сотталушыны ұстау барысында авдокат Абзал Құспанов осы жағдайға куәгер болған. Оның айтуынша, Мүсілім Оңдағанов түзеу мекемесіне кетуге заттарын жинап, дайын отырған. Алайда осыған қарамастан арнайы жасақ сарбаздары үйге баса-көктеп кіріп келген. Осы сәтте үйде болған Оңдағановтың ағасына күш жұмсалған. Әйелі мен кәмелет жасқа толмаған балалары бұл жайсыз жағдайдан әбден қорқып қалды дейді қорғаушы.
Соңғы жеті жылға жуық өмірін сотталушы Мүсілім Оңдағанов Қостанайдағы түрмеде өткізді. Шенеунік 2014 жылы істі болды. Оңдағанов ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, 200 млн тг бюджет қаржысын жымқырғаны үшін, 12 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Алайда ол өзіне тағылған айыпты мойындамады. Кейін жазасын өтеу мерзімі 9 жыл 9 айға қысқартылған-ды. Ал осыдан алты күн бұрын бостандыққа шыққан еді. Бірақ прокурорлық тексерулер барысында Оңдағанов мемлекетке келтірген шығынын өтемегені анықталған. Сол себепті сотталушының мерзімінен бұрын босатылғаны негізсіз делінген. Алайда Оңдағановтың қорғаушысы бұл жалған ақпарат деп отыр.
Мүсілім Оңдағанов қазақстандық спортта беделді болды. Күрес спортын меңгерген, экс басшының Батыс Қазақстан өңіріне еңбегі сіңген дейді оның достары. Тіпті аймақта ірі спорт шараларын өткізу үшін өз үйін кепілдікке қойып, достарынан қарыз алса да, сол шараны өткізуге жанын салған кездері болған дейді олар. Дегенмен заң алдында бәрі бірдей.