Өңірімізге инвестиция тарту – атқарылып жатырған жұмыстардың басым бағыты болып табылады. Облысымыз үшін барлық инвестициялық жоба маңызды. Олар «қарапайым заттар экономикасының» дамуына бағытталады. Бүгінде БҚО 7 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Іске қосылып, өңір экономикасын көтереді деп жоспарланған ірі жобаның бірі- Бәйтерек ауданындағы жылыжай. Қазақстан бойынша аумағы кең осындай жылыжай тек біреу ғана екен. Екіншісі - енді біздің өңірде салынып жатыр. Аумағы 12 гектар болатын жылыжайда бүгінде 150 жұмысшы қызмет атқаруда. Қияр мен қызанақ өсіретін жылыжай кешенін «World Green Company» ЖШС қолға алған. Бұл жобаның құны – 14 млрд теңге. Қолданысқа берілгеннен кейін 200 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр.
Желтоқсан айында қолданысқа беріледі деген нысанның жобалық қуаты - 4400 тонна қияр мен 3450 тонна қызанақ өсіруге қауқарлы. Жылыжай кешеніне қажетті тұқымдарды голландиялық компания тасымалдайтын болады. Инвестор болып отырған компания Еуропадағы ауылшаруашылық өнімдерін өнеркәсіптік өсіру саласындағы көшбасшылардың бірі.