0:00 / 0:00
Пандемия барысында жұмыссыз қалғандарға енді карантиннен шыққан соң тіршілік етуі керек. Табысынан айырылғандар беріліп жатқан 42500 теңге карантин біткен соң тоқтайтыны мәлім. Үкімет құрған «Жұмыспен қамту» жол картасы аясында жастарға жұмыс беруге басымдық жасалған. Еңбек министрінің үкімет отырысындағы баяндамасына сүйенсек, әкімдерден жол картасына 6 506 жоба ұсынылған. Оның ішінде 2703 жоба әлеуметтік инфрақұрылымға, 1039 тұрғын үй шаруашылығы нысандарына, 1799 жоба инженерлік-көлік инфрақұрылымын қамтуға бағытталған. Осы жобалар аясында барлығы 255 мың жұмыс орны құрылады және іске асырылған жобалар алдағы уақытта экономиканың әртүрлі салаларында 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Үкіметтің Жұмыспен қамту туралы жол картасына назар аударсақ, әп сәтте жұмысты бола қалатын сияқтысың. Коронавирус індеті экономикаға және еңбек нарығына кері әсерін тигізуде.Бірақ біздің елде жұмыссыздық бұл індет келмей тұрғанда көп еді. Әсіресе 4-5 жыл оқып, қолына дипломын ұстап жүрген жастар жұмыс таба алмай әлек. Пандемия барысында бұл кем тұстарымыз ашылып қалды. Млндаған адам табысынан айырылып, күні 42500 теңгеге қарап қалды. Карантин бітеді, мемлекеттің берген тиыны да тоқтатылады. Енді үкімет оларға жұмыс тауып беруге жанталасып жатыр. Бұл Президенттің тікелей жүктеген тапсырмасы. 255 мың жұмыс орнын, тағы 100 мың тұрақты жұмыс тауып беруге уәде берді еңбек министрі. Ол үшін жол картасының негізгі талабы бойынша, қызмет көрсетулер және пайдаланатын құрылыс материалдарының 90 пайыздан кем емесі отандық өндірушілер мен мердігер болуы тиіс.Жұмыспен қамтуда жастарға, әсіресе ауыл жастарына басымдық жасауы қажет.
Ауылға бет бұра бастадық. Ауылдарда 80 білім беру ошағы салынбақ. Бұл мұғалімдер үшін 7 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бермек.
Айтпақшы, бүгін үкімет басшысы Асқар Мамин педагогика, медицина, ветеринария және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша квотамен білім алған ауыл жастарын колледж немесе университетті аяқтағаннан кейін үш жыл ауылда жұмыс істеуге міндеттейтін Қаулыға қол қойды.