0:00 / 0:00
Ауыл шаруашылық министрі міндетін атқарып отырған Ербол Қарашөкеев қуаңшылық орын алған аймақтардағы шаруаларға қолдау көрсету үшін, халықтан көмек сұрап отыр. Осыдан бірер күн бұрын, ауыл шаруашылық министрлігінің сайтында қазақстандықтардан Маңғыстау мен Қызылорда өңірлерінде орын алған жұт зардабын шеккен шаруаларға қолдау көрсетуді өтінген үндеу жарияланған болатын. Журналистермен онлайн режимде баспасөз маслихатын өткізген министр міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев бұл ақпаратты растады.
Жұт жайлаған аймақтарда жаз бойы мәселе әлі де болса толық шешілмей отыр. Қуаңшылық салдарынан жем-шөпке жарымаған шаруалар мыңдаған малынан айырылып қалды. Құрғақшылық болатынын алдын-ала божамаған ауыл шаруашылық министрі болған Сапархан Омаров отставкаға кетіп, орнына 44 жастағы Ербол Қарашөкеев келді. Алайда, ол әзірге министр міндетін атқарушы. Бірден министр болып тағайындалмағанына қарағанда, Президент бұл азаматтың қолынан қандай іс келетінін бақылап алайын деген болар. Қарашөкеев жұмысын мал қырылған аймақтардан бастады. Үкімет резервінен екі өңірге млрдтар бөлінді. Ол қаражат шаруаларға арзан-жем-шөп жеткізуге арналған.
Әзірге министр міндетін атқарып жүрген Қарашөкеев мырза, Маңғыстау мен Қызылорда өңірлеріндегі жұттың салдарынан жою үшін,қазақстандықтардан көмек сұрап отыр. Осылайша халыққа қолын жайған басшы өзінің бір күндік жалақысн беруге дайынмын деп ерлік танытты.
Еске сала кетейік, тек Маңғыстау облысында үш мың мал қырылды. Жеп-шөптің бағасы шарықтады. Бұл жұттың болатынын шаруалар қыста айтып, дабыл қаққан болатын. Себебі, қыс айларында өңірге қар аз түсіп, жел көтеріп кеткен еді. Жаз келген бетте, құрғақшылық орын алды. Министрлік бұл жағдайды жұт деп мойындағысы келмей, мәселені шешу жолын іздеп уақыт кетіріп алды. Үкімет ұйқыдан оянғанша, қара халық өз қамын өзі жасауға кірісті. Өңірлерден жем-шөп тиеген көмектер жолданып бастады. Бірақ бұл теңізге тамған тамшыдай ғана қолдау еді. Енді үкімет резервінен бөлініп отырған млрдтар тек мал азығын арзан бағамен сатуға ғана көзделген. Ал малы қырылып қалған шаруалардың шығынан өтеу туралы сөз де қозғалып жатқан жоқ. Осы келеңсіздің орын алуына жол берген экс-министр Омаров болса, бірден жайлы қызметке тұрып алды. Ол «Азық-түлік келісім шарт корпорациясының» басқарма төрағасы болып тағайындалды. Ал елден көмек сұрап отырған жаңа басшыдан не қайыр күтерімізді уақыт көрсетер.