0:00 / 0:00
Ауылшаруашылық мақсаттағы жер қазақстандықтарға да жекеменшікке берілмесін. Үкімет банктерде кепілдікте тұрған жерлерді мемлекет меншігіне қайтарсын. Жерден түскен салық, сол ауылдың қажетіне жұмсалсын. Жалға берілген жерлер атадан-балаға мұра болып қалуы тиіс. Жер агенттігін ауыл шаруашылық министрлігінен шығарып, Президентке тікелей бағындырған жөн. Бұл ұсыныстар онлайн режимде өткен Жер реформасы жөніндегі комиссияның бірінші отырысында айтылды. Отырысқа жер мәселелері бойынша сарапшылар, депутаттар, қоғам белсенділері, құзырлы орган өкілдері қатысты. Комиссия мүшелерінен 60 жуық ұсыныс түсті. Комиссия төрағасы, вице-премьер Ералы Тоғжанов әр сенбі сайын отырыс өткізіп, жер дауына қатысты мәселелерді шешеміз деді. Өздеріңізге мәлім қазір жер туралы заң жобасы Мәжілісте қаралып жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақтың жері сатылмайтынын, шетеліктерге жалға да берілмейтінін айтып, тиісті заңнаманы қабылдауды тапсырғанды.
Қазақтың жері сатылмасын, шетелдіктерге жалға берілмесін деген ұранмен өткен осыдан 5 жыл бұрынғы наразылық шерулер өз нәтижесін берді десек болады. Енді ел президентінің жіті тапсырмасы бойынша жер сатылмайтын, шетелдіктерге жалға берілмейтін болды.Жер туралы заң жобасы Парламенттің қарауында жатыр. Ал қоғамның пікірін ескеру үшін құрылған жер реформалары бойынша комиссияның бірінші отырысында қызу талқылау болды. Шаруалар жерді жалға алу құқығын сақтай отырып, атадан-балаға мұра ретінде қалдыруды ұсынды.
Сондай-ақ, жермен күн көріп отырған ауылдықтарды қолдау үшін, ауыл шаруашылығы жерлерінен түсетін салық ауыл бюджетіне тікелей түсуі тиіс деген ұсыныс айтылды. Ал бүгінде жерді меншіктеп алған латифундистердің кім екенін халық ашық білуі керек.
Ауыл шаруашылық мақсаттағы жерлерді жекеменшіктің қолынан мемлекетке тартып алу да ұсынылды. Ал жерді тек шетелдіктерге ғана емес, қазақстандықтарға да сатпау керек деген ой айтылды. Жердің 80 пайызын шаруашылыққа пайдаланып жатыр.
Алайда, мал өсіріп отырған шаруалар бұл ұсынысты қолдамады.
Комиссия мүшелері бірыңғай аграрлық салықты енгізуді ұсынды. Бұл бос жатқан жерлерді тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Ал банктерде тұрған жерлерді Үкімет біржақты түрде келісімшарттарды бұзып мемлекет меншігіне қайтаруы керек. Жер агенттігін ауыл шаруашылық министрлігінен шығарып, тікелей Президентке бағындырған жөн дейді Мұхтар Тайжан.Сондай-ақ, жер бөлуге әкімдердің араласпағаны жөн деген ойлар да айтылды. Қоғам белсенділері жер тағдырын шешуге арналған жиында айтылған ұсыныстар сөз жүзінде қалмаса екен деп алаңдады.
Жерге қатысты 60 жуық ұсыныс түсті. Енді комиссияның отырысы әр сенбі сайын өтетін болды.