0:00 / 0:00
Қазақстанның 8 облысы бойынша ауа-райы нашарлап, бұрқасын болып тұр. Ақталқан боранның салдарынан Нұр-Сұлтаннан шығатын бағыттардағы тас жолда жүздеген автокөлік кептелісте қалды. Ақпанның 7-і күні Нұр-Сұлтан қаласынан Щучье қаласы бағытында 300-ге жуық автомобиль, Щучинск қаласынан Нұр-Сұлтан қаласына қарай 500 автомобиль жол қызметі қызметкерлерінің жетегімен жолға шықты. Ал бүгін Нұр-Сұлтан –Қарағанды тас жолында да жағдай күрделеніп тұр. Дәл қазір республика бойынша 12 жол участігі жабық дейді төтеншеліктер. Жолаушыларға ауа-райы жайында хабарламаны қарап барып, жолға шығуға кеңес береді.
Қазгидрометтің хабарлауынша, еліміздің 8 облысында ауа –райы күрт нашарлап, ақталқан боран орын алуда. Төтенше жағдайлар министрлігінің ескертуіне қарамастан сапарғашығып кеткен жүздеген автокөлік жол үстінде қалып жатыр. Тіпті елорданың өзінде тоқтаусыз жауған қардан автокөліктердің қозғалысы бәсеңдеп қалды. Ауа- райының нашарлауына байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі шұғыл түрде ахуалдық орталығында жедел әрекет ету және ұйымдастыру жұмысы үшін республикалық жедел штаб құрды. Штаб жол үстіндегі жағдайды бақылауда ұстауда. Дәл қазір республика бойынша 12 жол участігі жабық.
Төтеншеліктердің айтуынша, барлық жабық жол учаскелерінде посттар қойылды.Ол жерлерде төтеншеліктер мен полицейлер, жол тазалайтын қызметкерлер жұмыс атқаруда. Автомобиль жолдарына жақын жерлерде жылыту пункттері (дәмхана, қонақ үй) дайындалып, іске қосылған. Дегенмен, құтқарушылар күрделі метеорологиялық жағдайды ескеріп, ұзақ сапарлардан бас тартып, ауа-райының өзгеруі мен шектеулер жайында хабарламаны назарда ұсатуға кеңес береді
Ал республикалық штабқа әр сағат сайын барлық өңірден ауа райы мен жол қозғалысына қатысты тың ақпарат келіп түседі, осы жердегі мамандар сол ақпаратқа сүйене отырып, еліміздің қай аймағындағы жолды ашу немесе жабу керек деген шешім қабылдайды. Штаб тәулігіне 24 сағат кезекшілік режиммен жұмыс істеп жатыр.