0:00 / 0:00
Қазақстанның 18 өңірінде «Экспресс Займ» микроқаржы ұйымының азаматтарды алдау дерегі анықталды. Ұйым клиенттерге қосымша ақылы қызметті міндеттеп, қарыз алушылардың шығынын көбейткен. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, 2024 жылдың тамызынан бастап компания микрокредит алушыларға ақылы кеңес беру қызметін енгізген. Оның құны қарыз сомасына қарай есептеліп, негізгі берешекке қосылған. Клиенттерге бұл қызметтің ақысын төлемейінше несие ала алмайтыны немесе қарызды өтеу мерзімін ұзарта алмайтыны айтылған. Ал одан бас тартуға болатыны жасырылған. Соның салдарынан азаматтар қолына тиесілі қаражаттан аз ақша алғанымен, қарызды толық сомада, сыйақысымен бірге қайтаруға міндеттелген. Ал төлем мерзімі ұзартылған сайын ақылы қызмет қайта рәсімделіп отырған. Заңсыз әрекетті Қаржылық мониторинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті департаментімен бірлесіп, прокуратураның үйлестіруімен анықтаған.







