0:00 / 0:00
Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының бас есепшісі бюджет қаражатын жымқырғаны үшін жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы облыстық прокуратура хабарлады. Прокурорлық тексеру барысында аурухана шоттарынан 32 миллион теңгеден астам қаражаттың заңсыз шығарылғаны анықталған. Тергеу мәліметінше, бас есепші танысымен алдын ала сөз байласып, бюджет ақшасын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың шоттарына аударып отырған. Кейін бұл қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған. Сотта айыпталушылардың кінәсі толық дәлелденді. Нәтижесінде аурухананың бас есепшісіне жеті жыл түрме жазасы тағайындалып, бес жыл бойы бухгалтерлік қызметпен айналысуына тыйым салынды. Ал оның сыбайласы жеті жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Сот үкімі заңды күшіне енді.







