Редакция: +7 (7112) 93-34-33

Жарнама бөлімі: +7 (775) 906-38-00, +7 (707) 716-97-77

11:00

Жаңалықтар

13:30

Жаңалықтар

18:30

Жаңалықтар

21:00

Жаңалықтар

Алимент қарыз емес - парыз!

c 16:51, 30/01/2018 c 1125

0:00 / 0:00

Батыс Қазақстан облысында перзентін асыраудан жалтарып жүрген алты мыңға тарта әке бар. Бір өкініштісі, бауыр еті баласына алимент төлемей жүрген аналар қатары да аз болмай тұр. Бүгінде олардың саны 300ге жетіп отыр. 5 жасар қызын жалғыз асырап отырған Эльвира Аюпова арнамызға хабарласып, жанайқайын жеткізді.
Эльвира Аюпова айына алатын 60 мың теңгесіне күн көріп отырған жалғызбасты ана. 5 жасар қызы Салтанатты киіндіріп, оқыту, тамағын табу мен тәрбиелеу барлығы да нәзікжанды ананың өз мойынында. 31 жастағы әйел қиындықтарға мойымайды, бірақ Салтанаттың әкесінің алименттен жалтарып, бауыр еті баласына 3 жылдан бері көз қиығын да салмағанына налиды. Ол 2015 жылдан бері әділеттік іздеп келеді.

Эльвира Аюпова
қала тұрғыны
2015 жылы алиментке өтініш бердім, содан бері тек 23 мың қаржы ғана берді. Әкімшілік те, қылмыстық та арыз жаздым. Бірақ мәселе өзгерер емес. Берешек 950 мың теңгеден асты. Қызымен сөйлеспейді, кездеспейді де. Тіпті туған күнімен құттықтаған да емес. Өзім нан зауытында бригадир болып қызмет атқарам, қызым даярлық сыныбына барады. Естуім бойынша ол достарына Салтанаттың мектепке барғанында оны өзім киіндірдім деп айтқан көрінеді. Бірақ бұның біреуін де істеген емес. Қызын ол соңғы рет 3 жыл бұрын көрді. Әкесінің есімі - Аюпов Темірбек, білуім бойынша, қазір Теректі ауданында тұрады.

Жалғызбасты ананың жанайқайын әділет департаментінің өкілдеріне де жеткіздік. Ондағыдалар жағдайды бақылауда ұстуға уәде беріп, борышкердің қылмыстық жауапкершілікке тартылатындығын айтты. Бір өкініштісі, Эльвира секілді аналардың саны қазір өте көп екен. Бүгінде 7 мыңға тарта алимент өндірілмей тұр. Бұл дегеніңіз, осыншама безбүйрек «әке», налыған ана мен бала бар. Тіпті 86 азамат осы борышын өтемегені үшін қазір қамауда отыр екен.  Жесірін жатқа бермеген, жетімін жылатпаған халық едік, бүгінгі күніміз осы болды. Жетімге қарайласу түгіл, өз перзентіне қайрылмайтын халге жеттік. Ал ес білгелі әкесін көрмеген кішкентай Салтанаттың жанайқайы осындай болды:

Ата-аналар, балаларыңызды тастамаңыздар!...

Автор:
Оператор: Ербол Аманшин

ТДК 42 телеарнасының сайтында tdk42.kz жарияланған барлық материалдар телеарнаның меншігі. Авторлық құқық қорғалған. Материалдарды сілтемесіз tdk42.kz көшіріп басуға, рұқсатсыз жариялауға тиым салынады.