0:00 / 0:00
Қазақстанда 552 мыңға жуық азаматқа берілетін мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау тәртібі қайта қаралмақ. 2027 жылдан бастап әлеуметтік төлемдердің 14 түрін алуға отбасының материалдық жағдайы ескерілетін болады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді. Министрдің айтуынша, республикалық бюджеттен төленетін 36 түрлі жәрдемақының 14-іне мұқтаждық өлшемі енгізіледі. Олардың қатарында балалы отбасыларға берілетін төлемдер, мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақылар, күтім және асыраушысынан айырылу жағдайындағы төлемдер бар. Қалған 22 төлем бұрынғы тәртіппен берілмек. Алайда 552 мың адамның барлығы жәрдемақыдан айырылмайды. Бұл - тұрмыстық жағдайы А және В санаттарына жатқызылған азаматтардың жалпы саны. Төлем алушылардың нақты саны 2027 жылдың 1 қаңтарына қарай белгілі болады деп күтілуде. Ал мемлекеттік қолдауға мұқтаж деп танылған отбасылар жәрдемақы алуын жалғастырады. Отбасының әл-ауқатын бағалау кезінде 59 көрсеткіш ескерілмек. Олардың қатарында табыс көлемі, мүлік және әлеуметтік жағдайға қатысты өзге де деректер бар. Алдын ала есеп бойынша, жаңа тәртіп 2027 жылы бюджет қаражатын 700 миллиард теңгеге, ал үш жылда 2,5 триллион теңгеге үнемдеуге мүмкіндік береді.







