Оралда қазақ киносының онкүндігі басталды. Бірнеше күн бойы өңір тұрғындарына отандық кино-өндірісінің үздік туындылары көрсетілмек. Әр фильм ел тарихындағы маңызды беттер мен көрнекті тұлғалардың тағдырын баяндайды.
Орал қаласында қазақ киносының онкүндігі салтанатты түрде ашылды. Шараға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, киноның жас ұрпақты тәрбиелеудегі маңызды рөлін атап өтті. Оның айтуынша, кино - патриотизмді қалыптастырып, тарихи мұраға құрмет сезімін оятатын қуатты құрал.
Шарада сөз сөйлеген Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы төрағасының орынбасары Әділет Омаров көрсетілетін әр фильмнің қазақ тарихындағы маңызды оқиғалар мен біртуар тұлғалардың өмірін көркем тұрғыда бейнелейтінін айтты. Онкүндіктің шымылдығы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Қара қыз» фильмімен ашылды. Бұл туынды - осы өңірден шыққан Маншүк Мәметова мен Хиуаз Доспанованың ерлігін баяндайды.
Мәдени шараға мәдениет, билік және қоғам өкілдері қатысты. Кино көрсетілімдері алдағы күндері қалада ғана емес, аудандарда да өтеді. Бұл ұлттық кинематография құндылығын мүмкіндігінше кең аудиторияға жеткізуге бағытталған.