0:00 / 0:00
Цифрландыруды қарқындатып жатырмыз деген ұранның бекер екеніне көзіміз жетті. Қауіпті індет жайлап жатқан сәтте карантин тәртібімен үйде отырған қазақстандықтар интернеттің әлсіздігіне көз жеткізуде. Қазір барлық оқушылар мен студенттер қашықтықта оқуға көшті. Алайда, елде ғаламтор желісі бұл жағдайды көтере алмай қалды. Интернет желісіне үлкен жүк түсті. Ал 42500 теңге көмекті алуға талпынған қазақстандықтар арнайы сайттар мен порталдардың әлсіздігіне көз жеткізді. Бүгін онлайн брифинг өткізген цифрландыру министрлігінің өкілдері ақталуға тырысты.
Осы бір сын сағатта кімнің қалай жұмыс істегеніне көз жеткізе бастадық. Елімізде барлық қызмет түрлері цифрландыруға өтті. Цифрландыруға бөлінген қаражат та аз емес. Алайда, карантин барысында цфирлы Қазақстан өз деңгейін көрсете алмай отыр. Сарпашылардың айтуынша, 2019 жылы елді кең жолақты интернетпен қамту 84 пайызды құрады деген көрсеткіш шындыққа жанаспай отыр. Себебі, карантин барысында үйде отырған студенттер мен оқушыларды онлайн оқытамыз деген жоспар іске аспай қалды. Енді мектептер мен жоғарғы оқу орындары қашықтықта оқытуға көшті. Оның өзінде елдегі интернет желісі бұл жүкті көтере алмай, төртінші тоқсанның бірінші күнінде-ақ, біраз мәселе туындады. Бүгінде 2,5 млн оқушы қашықтықта оқуды бастады.
Сондай-ақ, табысынан айырылғандарға беріліп жатқан 42500 теңге жәрдемақыны алу үшін де қазақстандықтар біраз әбігерге түсіп жатқаны мәлім. egov.kz, 42500.enbek.kz сайттарына жаппай өтініш білдіргендер саны бірден артып, бұл порталдар да ауыр жүкті көтере алмай жатыр.
Шенеуніктердің айтуынша, елде интернет желісін дамыту үшін 41 млрд теңге бөлінді. Алайда, бұл қыруар қаржаттың өзі ғаламтордың әлеуетін көрсете алмады. Шалғайдағы ауылдарды айтпағанда, қалалардың өзінде интернет тұралап қалып жатыр.