0:00 / 0:00
Оралдағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету бөлімінде жүргізуші куәлігін алушыларға теориялық емтихан тапсыру кезінде биометрия жүйесі енгізілді. Бұл - адамның бірегей дербес деректерін бет-жүзі арқылы тану жүйесі. Аталмыш жүйе алаяқтық және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді. Жүргізуші куәлігін алуға ниетті облыс тұрғындарының қатары артып келеді. Статистикалық мәліметттерге сүйенсек, былтырғы жылдың өзінде облысымыз бойынша 47 мыңнан астам азаматқа осы құжат түрі берілген. Бұған дейін жүргізуші кәулігін алуда әртүрлі делдалдар қатысқан алаяқтық істер тіркелгені белгілі. Енді сол олқылықтарды жібермес үшін емтихан тапсырушының бірегей дербес деректерін бет-жүзі арқылы тану жүйесі іске қосылды. Яғни бұл дегеніңіз тест тапсырушылар бұрынғыдай тек жеке куәлігін көрсетіп қана қоймайды, сондай-ақ биометриялық жүйе бойынша тексерістен өтеді.
Жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыру екі кезеңге бөлінген. Алғашқысы - 40 сұрақтан тұратын теориялық емтихан. Осы сұрақтардың кемінде 32-іне дұрыс жауап берсеңіз, екінші практикалық кезеңге өтуге рұқсат етіледі. Бұл кезеңде 12 жаттығудан тұратын автодромдағы сызба арқылы жүріп өту қажет. Емтихан тапсырушылар сынақтан өту аса бір қиындық тудырып жатырған жоқ дейді.Еске салайық, арнайы автомектептерде оқымай, өздері дайындалған азаматтарға 3 мәртеге дейін емтихан тапсыруға мүмкіндік беріледі. Қазір мамандандырылған халыққа қызмет көрсету бөлімінде екі автокөлік бар. Автодромдағы бұған дейінгі олқылықтар толық жойылыпты.