0:00 / 0:00
Сырым ауданына қарасты Жосалы ауылдық округінің оқушылары тозығы жетіп, шатырынан су сорғалаған мектепте білім алуға мәжбүр. Білім беру ошағы 1988 жылы пайдалануға беріліпті. Ал мектепті жылытатын жылу құбырлар әбден ескіріп, шіріп тұр,- дейді жауаптылар. Тіпті өткен оқу жылында оқушылар спорт зал мен мәжіліс залына мүлдем кірмеген.
Облыс орталығынан 200 шақырым шалғай орналасқан Сырым ауданына қарасты Жосалы ауылының шешімін таппай келе жатқан мәселесі аз емес. Солардың бірі-тозығы жеткен мектеп. Бүгінгі таңда осы оқу ордасында 100 астам бала тәлім алады. Алайда, білім ошағы әбден ескіріпті. Ғимараттың шатырынан су кетеді. Тіпті, педагогтер биыл көктем мен күзде спорт зал мен мәжіліс залды жауып тастауға мәжүр болған. Ата-аналар сыз мектепте оқитын балалардың денсаулығына алаңдайды.
Ғимарат 1988 жылы пайдалануға беріліпті. Содан бері оқу ошағы күрделі жөндеу көрмеген. Жауаптылар көктемде су кеткен спорт залдың шатырына қара қағаз төсеп қойдық. Өткен жауын-шашыннан кейін ғимаратқа су кірмеді,- дейді.
Қазіргі таңда Сырым ауданының білім беру бөлімі мектепке күрделі жөндеу жасау үшін жобалық сметалық құжат дайындап жатыр. Бұрындары осы құжат жасақталыпты. Бірақ, қаражаттың бөлінбеуіне байланысты балалар шатырынан су кететін ғимаратта әлі күнге дейін оқуға мәжбүр. Ауылдық ағайынның облыс пен өзге ауылдарға үдере көшпесі үшін барлық заманауи талаптарға сай жабдықталған, ең бастысы балалардың саулығына зиян келтірмейтін мектеп жұмыс жасауы тиіс,-дейді тұрғындар.