0:00 / 0:00
Орал қаласындағы құрылысы осыдан екі жыл бұрын басталған Омега ауданындағы көпір осы шілде айында қолданысқа беріледі деп жоспарланып отыр. Бүгінде құрылыстың 90 пайызы аяқталған. Қазір қалада жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ағымдағы жылы аталмыш шара аясында облыс орталығындағы 55 көше қайта қалпына келтіріліп, жолдары орташа және толықтай жөндеуден өтеді дейді әкімдік қызметкерлері.
Көп кешікпей, көліктің де, көлік жүргізушілердің де көздері ашылады. Өйткені аз уақыт аралығында көптеген көшелердің жөнделген жаңа жолдары пайдалануға беріледі. Мәселен 2 жұмысшы ауданы көшелерінде қызу орындалып жатқан жұмыстарды айта аламыз. Аталмыш аумақта атқарылып жатқан жұмыс «Дорем Сервис» мердігерлік компанияның міндетіне кіреді.Мердігерлердің мәлімдеуінше, жол жөндеу жұмыстарына 50-ге жуық адаммен 10-нан аса арнайы техника жұмылдырылып отыр. Мамандар жаңа жолдардың сапасына да зор кепілдік беруде. Биыл атқарылар шаруа ауқымды. Бұл аумақтан бөлек жолдары жөнделетін келесі көшелерде де дайындық басталып кеткен.