Нашар жол-Орал қаласының төлқұжаты іспеттес. Тіпті қаланы қойғанда БҚО -ның өзі жол сапасы жөніне республикада соңғы орындарға тұрақтайды. Бұл туралы аймақты бұрын басқарған экс әкім Алтай Көлгінов те айтты. Қазіргі әкіміміз Ғали Есқалиев те БҚО жолдарының сапасы сын көтермейтінін айтып жүр. Бұрынғы әкімі бар, қазіргісі бар біздің облысқа келгендер алдымен жол сапасын жақсартамыз деп құлшынады. Биыл да Орал қаласында жол салу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бұл жұмыс бұрынғыдай жеңіл болмайтын түрі бар. Себебі қазір жол салу ісіне қоғамдық бақылау күшейтілген. Атап айтсақ, сапалы жол адалдық алаңы жобасы бір жылдан бері іске асып келеді. Жол салу кезінде бірнеше жемқорлық фактілері анықталған.
Жол салу деген бір табысты бизнестің көзіне айналды. Қазір ақша іздегенің бәрі жолға шығып кеткені жасырын емес. Жолда ақша бар, ал ақша бар жерде тексеріс бар. Жемқорлыққа қарсы күресушілер де беріспей келеді. Жолдың сапасын қадағалау ісіне мықтап кіріскен. Сапалы жол адалдық алаңы жобасы соған дәлел. Жол салу кезінде жемқорлық тәуекелдері бой көрестіп тұрады. Тіпті бір мекеменің бас маманы істі болған.
Жол салу кезінде көбіне жобалық сметалық құжат ескерілмейді дейді. Қағазда бөлек, іс жүзінде бөлек жүретін құрылыстар кездесетін көрінеді. Ол аздай, көп жағдайда жол салу кезінде технодзор болмайды екен. Ал жол сапасына жауапты техникалық бақылаудың болмауы бірінші орындағы жемқорлық тәуекелін туғызады дейді экс финполдықтар.
Орал қаласындағы Елизарев, 8 март көшелеріне тас жол төсеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұдан бөлек Зашаған кенті, Сарытау ауданында да тас жол салу қызған. Істі атқару бөлек те, сапаға жауап беру бөлек. Көктем шыққанда қармен бірге еріп кеткен талай асфальтты көргенбіз. Бұл жолы да сондай болмасына кім кепіл? Сапаға кім жауап береді? Бұл бағытта БҚО жол активтері ұлттық сапа орталығы мамандарының көзі түзу болғаны керек. Себебі жолдың сапасын қадағалайтын осылар. Жол сапасына жауапты мекеме көшпелі зертхананың көмегімен асфальттың тығыздығын, жуандығын, құрамын тексереді.
Жолдың сапасы дегенде Орал қаласында аты шулы Молдағұлова көшесіндегі жол жөндеу жұмысын мысалға алсақ болады. Бұл көшеге жөндеу былтыр жасалды. Бірақ...
Биыл мердігер компания жолды қайта жөндеп жатыр. Бірақ тағы да қажетті талаптар сақталмай отыр. Яғни, асфалттің химиялық- физикалық құрамы дұрыс емес дейді. Соның кесірінен асфальт тез ыдырайды. Әрі сумен бірге еріп кететін сапасыз болып шығады.
Былтыр күзде басталған Айтқұлов, Шайхиев, Күлтегін, Сұлтан Бейбарыс, Мөңкеұлы көшелеріндегі афальт төсеу жұмыстары аяқталуы керек. Бұл жұмыстарға деп бюджеттен 1,2 млрд қаржы бөлінген. Былтыр басталып, биыл жалғасып жатыр. Ал осы жылы Орал қаласына жол салу үшін бюджеттен 9,3 милрд қаржы бөлінген. Бұл ақшаға облыс орталығындағы 55 көшеге жөндеу жүргізіледі деп күтіліп отыр.