0:00 / 0:00
Жол бойында жағдай жоқ. Бүгін облыстық "Атамекен" кәсіпкерлер палатасында облысымызға қарасты тас жолдар орналасқан санаулы сервистік қызметтің сапасы талқыланды. Мемлекеттік мекемелер мен кәсіпкерлер қазіргі жағдайды жіпке тізіп, Қазавтожол мамандарының баяндамасын тыңдады. Мемлекет жол бойындағы бизнесті дамыту үшін қандай шаралар қолдануға әзір?
Облыс аумағындағы жолдарда жолаушыларға қызмет көрсететін 90 нысан бар. Олар: шағын дәмханалар мен қонақүйлер және жанар-жағармай құю станциялары мен автосервистер. Алайда аталмыш саланың сын көтермейтіні жасырын емес. Мәселен, Орал-Озинкі тас жолы қолданысқа тапсырылғанымен, жол бойында халыққа қызмет көрсететін бір нысан салынбаған.
Басқосу барысында кәсіпкерлер жолдағы сервисті дамытуға дайын екендерін жеткізді. Бірақ, бизнес субьектілері кәсібін дөңгелету үшін талап-тілектерін де тізбелеп берді. Кәсіпкерлердің көрсетуінше жолдағы нысандар елді-мекендерге жақын орналасуы шарт. Бұл, бірінші кезекте, ғаламтор мен байланыс орнатуға оңтайлы болмақ. Сондай-ақ, электр жарығы мен ауыз су және газ тарту керек. Бұл коммуникациялар көптеген күре жолдарда жоқ. Жеткізу үшін миллиондаған қаржы керек. Кәсіпкерлермен кездесуге келген жолаушылар көлігі басқармасының басшысы бизнес субьектілері бірлесе отырып, осы саланы дамытуға болады деген ұсынысын білдірсе, кәсіпкерлер оған "ортақ өгізден, оңаша бұзауымыз артық" дегенге келтірді.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасы жобаның барлық кезеңін бақылауда ұстамақ. Палата кәсіпкердің өтініш беруінен бастап, нысанның толықтай аяқталуына дейін туындайтын барлық сұрақтарына жауап бермек. Бизнесті дамытуға арналған жер телімдері конкурс аясында беріледі. Жоба "Еңбек" пен "Бизнестің жол картасы" бағдарламасының аясында қаржыландырылмақ.
Жергілікті шенділер өңірлік жолдағы сервисті дамыту ісінде еуропалық елдердің тәжірбиесінен үлгі алмақ. Ал, шетелдіктер бизнесті дамытпастан бұрын, кәсіпкерлерді коммуникациялармен қамтамасыз ететіні жасырын емес.