0:00 / 0:00
5 айдың ішінде кәмелетке толмағандардың қатысуымен 10 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 11 бала түрлі жарақат алған. 1 бала қаза тауыпты. Бұл туралы БҚО ПД-нің ресми өкілі Болатбек Белгібеков мәлімдеді. Бүгін таңертеңгілік уақытта «Әмбебап» аялдамасы маңында 16 жасар баланы көлік қағып, ол түрлі дене жарақаттарымен облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.Жол-көлік оқиғасы 3-маусымда сағат 08.40-та Еуразия даңғылы бойында болды. «Бургер Кинг» дәмханасы тұсында 1991 жылғы жүргізуші «Шевроле» көлігімен белгіленбеген жерден өтіп бара жатқан 16 жастағы жасөспірімді қағып кеткен. Соның салдарынан түрлі жарақат алған жасөспірім облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталу үстінде. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, баланың жағдайы ауыр. Ішкі ағзалары зақымданып, оң жақ иығының жабық жарақатын алған.Осы орайда тәртіп сақшылары жолда сақ болуға шақырады.