0:00 / 0:00
Жиһазға тапсырыс беріп, қолда барынан айырылды. Оралда ондаған адам өзін жиһаз шебері ретінде таныстырған алаяққа алданып қалған. Зардап шеккендердің айтуынша, ол Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарының тұрғындарын алдаған. Қазір жәбірленушілер кінәлі адамның жауапқа тартылуын талап етіп, бірігіп әділдікке қол жеткізбек.Орал қаласының тұрғындары қалалық полиция басқармасының алдына жиналып, өзінжиһаз жасаушы ретінде таныстырып, ондаған адамды алдап кеткен азамат туралы айтып берді. Олардың сөзінше, күдікті әлеуметтік желі арқылы клиенттерді тауып, үйлеріне барып, өлшем алып, келісімшарт жасаған және 100 пайызға дейін алдын ала төлем алған. Кейін байланысқа шықпай қойған. Алаяқтың әрекетінен Орал, Ақсай және Атырау қалаларынан 23 адам жапа шегіп отыр.
Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің мәліметінше, алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Зардап шеккендер белсенді түрде арыз жазып, түбіртектер, хат алмасулар мен келісімшарттар секілді дәлелдерді жинап жатыр. Бүгінде сан соққан тұрғындар арнайы топ құрып, өзара ақпарат алмасып, әрекеттерін үйлестіріп отыр. Олар әлеуметтік желілер арқылы жиһаз шеберінің суретін жариялап, хабарлама таратты. Желідегі қолданушылардан бейтаныс адамдарға алдын ала ақша аудармауды сұрайды.