0:00 / 0:00
Коронавирустың таралуына жол бермеу шаралары қолға алынғаны туралы хабар тарасымен, қазақстандықтар жаппай азық-түлік сатып алып, қамданып жатыр. Сақтықта қорлық жоқ деп, жанталасқан халық сауда орындарының сөрелерін бір күнде босатып тастады. Кешеден бері елорданың ірі сауда орындарында даурыққан халық қап-қап азық-түлік алып жатыр. Ал үкімет мүшелері болса, азық-түлік қоры жарты жылға жетеді, тапшылық болмайды, қажетті тауармен қамтамасыз етеміз деген таудай уәдесін айтуда. Бүгін журналистер алдында шыққан Сауда министрі мен ауыл шаруашылық министрі қазақстандықтарды даурықпауға шақырды.
Нұр-Сұлтандағы үлкен сауда орындарында, базарларда қап-қап азық-түлік сатып алып жатқан адамдар саны әдеттегіден екі есе көп. Бұл жаңа жыл алдындағы қарбалас емес. Қауіпті індет коронавирус келді деп үрейленген халық, тамақсыз қаламыз деп алдын-ала қамданып жатыр. Сауда орындарында халықтың қарасы қалың, дүкен кассасына ұзын-сонар кезек. Кешеден бергі көрініс осы. Әлеуметтік желімен келіп жатқан фото-бейнетаспалардан-ақ азаматтардың даурығып жатқанын көре аласыз. Ал шенеуніктер, болса әкетіп бара жатқан ештеңе жоқ дейді. Фотоға сенуге болмайды. Бізде бәрі қалыпты деген жайбірақат кейіп танытады. Өз көзіммен көргенім дүкен сөрелері тез босап қалып жатыр. Макарон, қант, тауық еттері, күріш, май дегеніңіз бірден сатылуда. Қауіпті індеттің таралуына қатысты сырттан келетін тауарларға шектеу қойылған. Бар үміт отандық өндірушілерде.
Сауда министрінің таудай уәдесін алдық. Ауыл шаруашылық министрінің мәліметінше,әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қоры 5-6 айға елді азық-түлікпен қамтамасыз етуге жетеді. Қазір 1,2 миллион тоннадан астам әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қоры бар. Дегенмен, қант пен тауық етінде тапшылық боулы мүмкін.
Қос министрдің сөзіне сенсек, барлық өңір азық-түлікпен қамтамасыз етіледі. Оны бақылау күшейтіледі. Ал Сұлтанов пен Омаров дүкен аралап, азық-түлік сатып ала ма деген сауалға келсек. Сауда министрі күнделікті тұтынатын нан мен қант-шайдың бағасын білмейді екен.Ауыл шаруашылық министрі сүт пен нанды өзі таситын көрінеді.
Шенеуніктердің сөзіне сенсек, елімізде ұн, күріш, макарон, жұмыртқа,картоптың өндірісі артып отыр. Сондықтан әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің тапшылығы болуына негіз жоқ.