0:00 / 0:00
Жергілікті полиция қызметінің басшысы Манарбек Габдуллин осымен екінші мәрте батыс қазақстандықтардың алдында есеп беріп жатыр. Елбасы Н.Назарбаевтың өзінің жарлығымен құрылған жергілікті полиция қызметі екі жыл ішінде біраз жұмыстың басын қайырды, былтыр бір кездесу өткізген полиция басшысы, биыл да дәстүрлі түрде ел алдына шықты. Кездесуге Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов қатысты. Полиция қызметкерлері бар күш-жігерлерін қоғамдық орындағы құқық бұзушылықтармен күресуге, ұрлық оқиғаларының санын азайтуға , соның ішінде мал ұрлығымен күресте белсенділік танытып отырғандарын айтты.
Қазір облыс тұрғындарын алаңдатып отырғаны мал ұрлығы екендігі жасырын емес, 2017 жылы 458 мал ұрлығы тіркелсе, ал оның 349 жағдайында мал өрістен ұрланғаны белгілі болған, яғни мал ұрлығының 80 пайыздайы даладан, яғни жайылымда жүрген жерінен ұрланады. Мал ұрлығына қатысты фактілер көбіне Теректі, Сырым, Ақжайық, Казталовка аудандарында тіркелетіні де белгілі болды.
Полиция қызметкерлері телефон ұрлығының да азаймай тұрғанын тілге тиек етті. Бүгінде қалтасына қымбат смартфондар салып жүретіндер жеткілікті. Телефон ұрлығын азайту мақсатында полиция қызметкерлері жоғалған телефондарды дереу блоктап тастауға тырысатын көрінеді. Ал қаладағы пәтерлердегі ұрлық оқиғаларын азайту мақсатында биыл подъездерге 2542 камера орнату көзделген. Жалпы ұрлық оқиғаларының ашылуына осы орнатылған бейне камералардың да тигізіп отырған әсері мол, - дейді полиция басшысы.
Кәмелетке толмаған балалардың арасындағы құқық бұзушылқтардың алдын алу мақсатында облыс бойынша 5000 камера мектептерге қойылған, соның ішінде қала меткептерінде 1000-нан астам камера жұмыс жасап тұр. Қазір жолда орын алатын тәртіпсіздіктер де жеткілікті, әсіресе жол көлік оқиғаларының салдарынан өмірден озып жатқандар қаншама. Жол көлік оқиғаларына талдау жасаған мамандар апаттардың көбі жылдамдықты асырып, жолдағы ережені сақтамағанның кесірінен дейді.
Есептік кездесуде ішімдік ішіп қоғамдық тәртіпті бұзатындар мен қоғамдық орындарда тыныштықты сақтамайтындар туралы да айтылды. Әсіресе түнгі мезгілде тыныштық сақтау тәртібі, жасөспірмідердің түнгі мезгілде көшеде жүрмеуі бәрі сөз болды. Ал тұрғындар өз тараптарынан сұрақтар қойды.
Қазір халықтың полиция қызметкерлеріне деген көзқарасы да өзгеріп келетіндей. Әсіресе учаскелік полицияларға қатысты жылы пікірлер айтылып, оларға алғыс жариялауды сұрағандар да болды. Жиын соңында біз халықтың жалпы полиция қызметкерлеріне беретін бағасын сұрадық.
Сөз соңында айта кетейік жалпы облыс бойынша қоағмдық тәртіпті сақтау мақсатында күніне жеке құрамның 800 қызметкері жұмыс жасайды екен. Соның ішінде 480 полиция қала ішіндегі тәртіпті қадағалайды, ал саяжай аумағындағы тәртіп пен тыныштыққа атты әскер жауапты. Атты әскер былтыр құрылған болатын, осы атты әскердің көмегімен бірнеше қылмыстық оқиға ашылыпты. Халықпен кездескен жергілікті полиция қызметінің басшысы Манарбек Габдуллин алдағы уақытта да халықпен ашық кездесіп, өздерін мазалаған барлық сұрақтарға жауап беруге дайын екендігін жеткізді.