0:00 / 0:00
Жерасты байлығы халықтың игілігне жұмсалуы керек. Ата заңға енгізілген соңғы өзгеріс осы қағиданы ұстанады. Мемлекет басшысының Жолдауында геоло¬гиялық барлауға ерекше назар аудару мәселесі көтерілген болатын. Алайда, бұл шаруа әзірге кенже қалып отыр. Ал 2018 жылы қабылданған тау-кен саласын басқару мәселесіне қатысты жаңа заң толық орындалмай жатыр. Қазақ жері табиғи ресурсқа қанша бай болса да, ауыз толтырып айтатын геологиялық жаңалық ашылған жоқ. Ірі көлемде жеке инвестиция тарту қажет деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев. Үкімет бұл шаруаға енді кірісіп жатыр. Қазақстанда 1,5 миллион шаршы шақырым аумағына геологиялық және геофизикалық барлау жасалған. Үкіметтің міндеті – 2026 жылға қарай оның көлемін 2 миллион 200 мыңға жеткізу. «Жаңа заманның мұнайына» айналған сирек және жерде сирек кездесетін металл кеніштерін игеру басты бағыт болып отыр. Өнеркәсіп министрінің айтуынша, бүгінгі таңда жерде сирек кездесетін металдар қоры шамамен 800 мың тоннаны құрайды. Сирек кездесетін металдарды барлау жұмысын жеке компаниялар жүргізеді және оны ел ішінде қайта өңдеуге пайдалану жоспары тұр. Бұл жоспарды жүзеге асыру үшін инвестор қажет.
Үкімет басшысы жерасты байлығын барлауда ең алдымен отандық компанияларға басымдық жасалуы керек дейді.
Қазақстанда аса маңызды минералдық шикізаттың барлық түрі бар. Менделеев кестесіндегі 105 элементтің, 70-інің мол қоры барланған және 60-тан астамы өндіріледі. 6 мыңға жуық пайдалы қазбалар кен орындары ашылған. Уран, хром және марганец қоры бойынша әлемде екінші орындамыз. Мұнай, темір қорында алғашқы ондықта болсақ, алтын қоры бойынша алғашкы бестікте тұрған елміз. Тізе берсек жерасты байлығымыз баршылық. Бірақ сол байлықтың үстінде отырған халық оның игілігін толық көріп отырған жоқ. Қазақстан қолда бар шикізатын тек сыртқа сатумен ғана шектелуде. Ал ел ішінде оны қайта өңдеп, өндірісті дамытуға тәуелсіздік алған отыз жылда қол жеткізе алмай отыр.