Жер мәселесі қашанда нәзік тақырып. Мәжілістің жалпы отырысында елдегі ерекше қорғалатын аумақтарда құрылыс жүргізуге жер беру мәселесі пікір-талас тудырды. Депутаттардың айтуынша, ауыл тұрғындары сыбайлас жемқор әкімдердің кесірінен заңды үлес пайларынан айырылып, әділдік іздеп соттасуға мәжбүр. Алайда соттар талап арыздардың басым бөлігін қараусыз қалдырып, кейде талап қою мерзімін сылтауратып, шағымданушылардың өтініштерін қанағаттандырмайды. Мысалы, Іле-Алатау ұлттық паркінде жалпы ауданы 446 гектардан асатын 253 заңсыз берілген жер телімі анықталды.
Экология вице-министрі Нұркен Шарбиев орыс тіліндегі жауабында бұл жерлерді тартып ала алмаймыз, жергілікті әкімдік сатып алып Ұлттық паркке беруі керек деді. Яғни егер бұл заңсыз иеленген жер телімдері болса, сотқа беріп тартып алуға болады. Ал Мәжілісмен Бапи атаған жерлерді жекеменшік иелігі болғандықтан қайтаруға шамамыз жетпейді деп сөзінің соңын қазақ тілінде аяқтады.
Алматы қаласының аумағына енген кейбір учаскелер ерекше қорғалатын аймақ мәртебесін сақтап, бас жоспар бойынша рекреациялық аймақ ретінде белгіленген. Соған қарамастан, бұл жерлердің бір бөлігі жекеменшікке өтіп, құрылыс жүргізілген. Қазір жағдай өте күрделі, себебі Іле Алатауының бөктеріндегі жерлер Алматы облысының Еңбекші қазақ, Талғар және Қарасай аудандарында жекеменшікке берілген. Бұл жергілікті тұрғындардың мал жаюына және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға баруына шектеу қойып отыр. Депутаттар енді тау бөктеріндегі жерлерді кесуге, онда құрылыс салуға тиым салатын норманы енгіздік дегенімен, заң жобасын екінші оқылымда қарауда сақ болайық деп алаңдады.
Отандық БАҚ-та жарияланған тергеу нәтижесінде Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасына Іле Алатауының етегінде 135 гектар жерге салынған сарайлар мен коттедждер тиесілі екені анықталды. Экс президент Назарбаевтың отбасына Алматы маңындағы тауларда 10 мың гектар жер, сондай-ақ Астанада зәулім сарайлар мен гольф-клубы тиесілі. Журналистердің зерттеулеріне сәйкес, Астанада Назарбаевтар әулетіне тиесілі «Жасыл аралда» орналасқан 10 жылжымайтын мүлік нысаны тағы бар.