0:00 / 0:00
Облыс әкімі мен жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі филиалының басшысы БҚО-да түрлі ғимараттың құрылысын жүргізіп, жол салып жатқан мердігер компания өкілдерімен кездесті. Мақсат біреу- қазынадан бөлінген қаражаттың тыйын-тебенін жымқырмай, жұмысты сапалы аяқтау. Биыл облыстық, ауданаралық және қала жолдарын салу үшін қазынадан 30 млрд теңгедей қаражат бөлініпті. Қыруар қаржыға 330 шақырымдай тақтайдай тас жол салынуы керек.
Жыл сайын мемлекет қазынасынан бұқараның жоқ-жітігін түгендеу мақсатында қыруар қаржы бөлінеді. Жол, әлеуметтік нысандардың құрылысы мен көгілдір отын, су тарту жұмыстарын түрлі мердігер компаниялар тендерге қатысып, жұмысты межелі уақытта аяқтап жатады. Осы мемлекекеттік сатып алу саласында қарастырылған қаражатқа көз алартып, бармақ басты, көзді қыстыға жол беріп жататын жайттар да аз емес. Сол себепті мемлекеттің аманаттап тапсырған жұмысы не сапасыз, не уақытылы орындалмайды. Осы келеңсіздікке тосқауыл қою мақсатында облыс әкімі арнайы мердігер компания басшыларымен кездесті.
Жиында сөз алған аймақ басшысы облыс орталығында материалдардың сапасын анықтайтын зертханалардың көптігін сынға алып, мердігер компаниялар тауарды апармай-ақ, сапа серфитикатын алудың қиынға соқпайтынын ескертіп, тексеріс жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ кездесу барысында мемлекеттік сатып алу саласындағы жемқорлық фактілері де сөз болды.
Облыс үшін маңызды әлеуметтік нысандардың құрылысын жүргізіп жүрген мердігер компания өкілдері кейде жобалық-сметалық құжаттар құрылыстан 2-3 жыл бұрын жасалады. Сол кездегі бағамен қазіргі бағаны салыстыруға болмайды деген ойларын ортаға салды.
Облыс әкімі мердігер компания басшыларына кімде-кім құрылыс саласында пара дәметсе бірден 8-701-777-60-37 уатсап нөміріне жазуды сұрайды.