0:00 / 0:00
Ағымдағы жылдың тек қаңтар айында елімізде сыбайлас жемқорлыққа қатысты 358 қылмыстық іс тіркелді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің таратып отырған мәліметі көңіл қоншытпайды. Парақорлар жоқ дегенде 50 мың теңге пара алып, қызметінен айырылып жатыр. Өткен жылы сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін 1002 адам сотталды. Жемқорлық кең етек жайған мемлекеттік органдар ішінде Ішкі істер министрлігі, қаржы, индустрия. Қорғаныс және ауыл шрауашылық министрліктері көш бастап тұр.
Мәтін. Елдің экономикалық, әлеуметтік жағдайын дамыту үшін мемлекет қабылдамаған бағдарлама жоқ. Реформадан да алдамыз. Инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік нысандар салу, жалпы халықтың әл-ауқатын көтеру үшін қазынадан қыруар ақша бөлініп жатады. Бірақ ол қаржы діттеген жеріне жетпей, жоқ болады. Оған мемлекеттік органдарда отырған тойымсыз жемқорлар тұсау болып отыр. Сыбайлас жемқорлықты жою жолында қабылданып жатқан шаралардың өзі әлі де болса толық нәтиже бере алмауда. Тек қаңтар айында тіркелген қылмыстық істердің 358 –і жемқорлықпен байланысты.
Аш көз жемқорлар ішкі істер органдарында, әскери салада, инфрақұрылымды дамыту, қаржы, ауыл шаруашылық саласында көп. Бұл мемлекеттік органдар сыбайлас жемқорлық бойынша алғашқы бестікті құрап отыр. Атың шықсын десе, жер өрте деген осы. Нәтижелі жұмыста алда болмаса да, жемқорлық жағынан үздік.
Анар Жарова- ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент басшысы; «Орталық мемлекеттік органдар ішінде алғашқы бестікке Ішкі істер, Қаржы , Қорғаныс , Индустрия және инфрақұрылымдық даму және Ауыл шаруашылығы министрліктері кіреді. Бұл қылмыстар аталған министрліктердің аумақтық бөлімшелерінде немесе ведомстволық бағынышты ұйымдарында жасалған».
Мысалы, Қорғаныс министрлігі сыбайлас жемқорлықпен сотталған қызметкерлерінің саны бойынша орталық меморгандар арасында үшінші орында тұр. Өткен жылы 28 лауазымды тұлға мен әскери қызметші сотталды. Агенттік өкілдерінің мәлімдеуінше, жауапқа тартылған 28 қызметкердің 20-сы басқарушы құрам болып шықты. Олар әскерилерді жалған іссапарларға жібері ,жеке құрамға сыйақы беру, әскери киімдер, жанармай және басқа да мүліктерді есептен шығару туралы жалған актілерді жасау жолымен қазына қаражатын жымқырған. Тіпті әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру үшін пара алып отырған. Ал жемқорлар жайлаған ішкі істер органдарында тергеушілер, учаскелік инспекторлар, жол-патурльдік қызмет инспекторлары қылмыстар мен заң бұзушылықтарды жабу үшін пара алған. Төтеншеліктер де қатардан қалып жатқан жоқ. Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамағандардан сыйақы алып, істі шешіп отырған. Бұл орайда жемқорлар саны бойныша, ел астанасы- Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Жамбыл облысы алда тұр.