0:00 / 0:00
Егер санитарлық норманы сақтамай, маска тағу режимі 60 пайызды сақтаса, алдағы желтоқсан айының ортасында елде локдаун енгізіледі. Денсаулық сақтау министрі коронавирустың екінші толқынына дайындық кеңесінде осылай деді. Өз кезегінде мемлекет басшысы денсаулық сақтау министріне ковидке қарсы вакцинамен бүкіл халықты қамтуды тапсырды. Өздеріңізге мәлім, кеше ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, кеңес отырысында екінші толқынға дайындықты күшейтіп, медициналық бетперденің, птр тестің бағасын төмендетуді тапсырғанды.
Еліміздің бас дәрігері қауіпті індеттің таралуы алдағы айларда артуы мүмкін деген пессимисті сценариін ұсынып отыр. Алексей Цой сақтықта қорлық жоқ деген ұстаныммен ағымдағы жылдың желтоқсан айында қатаң карантинді қайтарамыз дейді. Министр бұл орайда үш сценариін ұсынды.
Алексей Цой –ҚР ДСМ «Пессимистік сценарий бойынша, егер маска тағу режимі 60 пайыз ғана сақталса, қазан-желтоқсан айларында тіркелген жағдайлардың саны шамамен 190 мың адам болады. 65 мың адам ауруханаға жатқызылады. Бұл жағдайда елде локдаун желтоқсан айының ортасында енгізілуі мүмкін. Екінші шынайы сценарий бойынша, әлеуметтік қашықтық талабы және маска тағу режимі 70 пайыз сақталса, онда қазан-желтоқсан айларында коронавирус жұқтырған адамдардың саны 90 мыңды құрайды, 30 мың адам ауруханаға жатқызылады. Бұндай жағдайда локдаун 2021 жылдың қаңтарында енгізіледі деп болжанып отыр».
Дегенмен, оптимистік болжамы да жоқ емес. Министрдің айтуынша, бәрі өз қолымызда. Карантин талабы бойынша санитарлық норманы қатаң ұстанған жағдайда ғана локдаун болмауы мүмкін. Ол тағы да сол әлеуметтік қашықтықты сақтап, елдің бәрі 100 пайыз маска тағып жүрсе, қатаң карантинді айналып өте аламыз. Онда ағымдағы жылдың қазан-желтоқсан айларында ковидпен шамамен 40 мың адам тіркеліп, 15 мың адам ауруханаға жатқызылады . Ал қауіпті індетке қарсы екпе мәселесінде министрлік көрші Ресеймен келісімге келіп жатыр екен. Ол елдің вакцинасы толық қолданысқа енгізілген жағдайда Қазақстан сатып алуға дайын. Сондай-ақ, отандық ковидке қарсы екпелер де сынақтан өтуде. Тіпті, отандық екпені өзіне жасатқандар ішінде білім министрі Асхат Аймағамбетов те бар. Президент, халықты толық коронавирусқа қарсы вакцинамен қамту мәселесін жіті тапсырды.
Денсаулық сақату министрі елде қауіпті вирустың таралуы тұрақты жағдайда да деп мәлімдеп отыр. Дегенмен, індетке шалдыққандар саны бүгін күрт артып кетті. Қазақстанда бір тәулік ішінде төрт адам коронавирус инфекциясынан, бір науқас Covid-19 белгілері бар пневмониядан қайтыс болды. Соңғы тәулікте 92 адам ковид жұқтырды. Ал коронавирустық пневманиямен 266 адам тіркелді.