0:00 / 0:00
Жастар арасында бедеулік артып отыр. Сенатор Ақмарал Әлназараова қазақстандық жасөспірімдердің денсаулығына алаңдаушылық білдірді. Соңғы 3 жылда осы әлеуметтік топ ішінде жаңа АИТВ -инфекцияларының (ВИЧ) өсуі 43 пайызды құрады. Әлеуметтік зерттеулер көрсеткендей, жасөспірімдердің тек 9 пайызының аурудың берілу жолдары туралы жан-жақты білімі бар, 60 пайызы жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алу әдістері туралы білмейді, ал науқас жастардың 62,6 пайызы өз бетімен емделген.Осыған орай депутат үкіметке жастардың денсаулық сақтау орталығын құруды ұсынды.
Қазақстанда 15 пен 24 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жастардың үлесі кем дегенде 20 пайызды құрайды. Сонымен бірге, алдағы 5 жылда жастардың үлесі өседі деп күтілуде. Алайда соңғы жылдары жастар арасында ВИЧ инфекциясын жұқтыру 43 пайызды құрады. Бұдан жасөспірімдер арасында жыныстық қатынасқа қатысты сауатсыздық орын алған дейді депутат. Көп жағдайда ата-аналарымен ашылып сөйлеспейді. Соның салдарынан бойжеткен қыз балалар арасында жүктілік те артып отыр.
Ақмарал Әлназарова – ҚР парламент сенатының депутаты -«Жасөспірімдер арасында бала туу көбейді. 100 мың қызға шаққанда 23 адам тіркеліп отыр. 15-19 жас аралығындағы қыздар осындай жағдайға тап болуда. Жастар арасында ВИЧ инфекциясын жұқтыру 43 пайызды құрады. Әлеуметтік зерттеулер көрсеткендей, жасөспірімдердің тек 9 пайызының аурудың берілу жолдары туралы жан-жақты білімі бар, 60 пайызы жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алу әдістері туралы білмейді, ал науқас жастардың 62,6 пайызы өз бетімен емделген».
Мұның салдары жастар арасындағы бедеуліктің артуына әкеп соғып отыр.
Ақмарал Әлназарова – ҚР парламент сенатының депутаты «Жастар арасында бедеулік те көп тарауда. Ажырасу да көп. Отбасын құрған жастардың 40 пайызы айырылысып жатады. Оның 20 пайызы бедеулік себебімен ажырасады. Өкінішке орай жеткіншектер арасында суицид те орын алуда. Қазақстан бұл көрсеткіште алғашқы 15 елдің қатарында тұр».
Әрине Қазақстанда жастардың 128 денсаулық орталығы жұмыс істейді. Бірақ олар учаскелік емхана бөлімшелері түрінде ғана қызмет етеді. Депутат барлық облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда заңды дербес жастар денсаулық орталықтарын құруды қарастыруды сұрады. Бұл толық және сапалы медициналық көмек көрсетіп, жастар арасында санитарлық-ағартушылық жұмыстарды ұйымдастыратын жер болуы тиіс.