0:00 / 0:00
Орал қалалық сотында «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы қаржы жымқырып, мемлекетке 600 млн теңгеден астам залал келтіргендерге қатысты үкімі шықты. Сотта анықталғандай, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстары филиалдарында басшылық қызмет атқарған Ерболат Оңғарбек қызмет бабын пайдалана отырып, филиал маманы Бижан Нұрқатовпен ауыз жаласып, сондай-ақ кәсіпкер Анвархон Торахановпен және «Урал» шаруа қожалығының басшысы Айдын Қамзинмен бірге аса ірі көлемде қаржы жымқырған.Сонымен қатар шаруа қожалықтарының басшылары Миржан Арыстанов, Нұрберген Жұмағұлов, Мәлік Ержанов, оған қоса Мейрамбек Байғутиев Е.Оңғарбектің ықпал етуімен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалы және «Ақжайық Агро» несие серіктестігі арқылы заңсыз несие алған. Аталған адамдардың заңсыз іс-әрекеттері салдарынан мемлекетке 600 млн теңгеден астам залал келтірілген. Сот материалдарына сүйенсек, Ерболат Оңғарбек шаруаларға берілетін арзан несиенің бір бөлігін өзі иемденген. Кейін несиені өзі рәсімдеудің амалын тауыпты. Осылайша өз серіктерімен бірге Оралмен шектелмей, Атырау мен Маңғыстау облыстарында да әрекет еткен. Олар шаруаларға көмек ретінде ашылған бірнеше мемлекеттік бағдарламаны сауын сиырға айналдырыпты. Е.Оңғарбек ҚР ҚК 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы (лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану), 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағына (сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) сәйкес айыпты деп танылып, 58-баптың 3-бөлімі қолданыла отырып, 9 жылға үкім кесілді. Ол сондай-ақ мемлекеттік қызметте және басқа органдарда лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.Осыған дейін үй қамақта болған Б.Нұрқатов пен А.Қамзин сот залында тұтқындалды. Сот үкімі күшіне енген жоқ.