0:00 / 0:00
Апта сайын Ихсанов көшесінде ұйымдастырылатын азық-түлік жәрмеңкесі тұрғындардың көңілінен шығып жатыр. Алғашында онға жуық тауар өндіруші қатысқан жәрмеңкеде бүгінде 80-ге тарта кәсіпкер өнімдерді арзан бағамен сауда-саттыққа шығаруда.
Естеріңізге сала кетейік, жергілікті азық-түлік өндірушілер жәрмеңкесі тамыз айының басынан бері сенбі, жексенбіде сағат 09.00-ден 15.00-ге дейін жұмыс жасап жүр. Мұндағы баға нарықтағыдан 10-15 пайыз арзан. Жергілікті билік бұл бастама бәріне қолайлы деп санайды. Жәрмеңкеге келушілер қатары артып келеді. Өйткені кейбір тауарлардың бағасы тым арзан. Мәселен, картоптың құны 60-80 теңгеден сатылады. Уақыт өткен сайын жәрмеңкеге қатысуға ниет танытқандар көбейіп келеді. Өйткені кәсіпкерлер өз өнімдерін кедергісіз сатуға мүмкіндік алуда.
Ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары таратқан ақпаратқа сүйенсек, орталық көшедегі жәрмеңкеде Бөкейорда, Жәнібек, Зеленов, Теректі аудандарының сондай-ақ қала маңының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері, қайта өңдеу кәсіпорындары және ірі көтерме тауар жеткізушілері қатысты. Ең бастысы орынның дұрыс таңдалуы тұрғындардың көңілінен шығуда.
Жәрмеңкенің қорытындысы бойынша 20 бас ірі қара еті, 3 бас жылқы еті, 71,6 тонна ауылшаруашылығы өнімдері, 28800 дана жұмыртқа сатылды.
Кезекті жәрмеңке 29 қыркүйек күні өткізілетінін болады, оған Ақжайық, Қаратөбе, Зеленов, Теректі аудандарының сондай-ақ қала маңының ауыл шаруашылығы тауарөндірушілері қатысатын болады.