Жаңақала ауданына іс-сапармен барған аймақ басшысы ауылдық ағайынға жаңа әкімді таныстырды. Су жаңа әкім болып Закарин Дархан Әмірханұлы тағайындалды. Жиында аймақ басшысы Жаңақаланың экс-әкімі Наурызбай Қарағойшинге атқарған жұмысы үшін алғысын айтып, алғыс хатпен шығарып салды. Наурызбай Қарағойшин ауданды 2017-2021 жылдар аралығында басқарды. Бұрынғы әкім кезінде 3 қабатты арендалық тұрғын үй, құны 2,5 млрд теңге болатын "Жаңақала-Тоқтысу" құбыры салынды. Аталмыш құбыр 8 елдімекенді ауыз сумен қамтамасыз етіп келеді. Жаңадан тағайындалған әкімге артылған үміт пен қойылар талап күшті. Былтыр Жаңақаланың жұрты алты ай қыста малына беретін шөп тапшы болып, біраз қиналғаны да есімізде. Және аудан орталығында өткен жылы басталған 3 қабатты және екі пәтерлік жер үйдің құрылысы уақытылы аяқталуы тиіс.