0:00 / 0:00
Бүгін Орал қаласында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының аясында 216 пәтерлік көп қабатты тұрғын үй ел игілігіне берілді. Салтанатты шараға облыс әкімі Ғали Есқалиев пен шаһар басшысы Абат Шыныбеков қатысты. Зашаған кентінен бой түзген 9 қабатты 216 пәтерлік бұл тұрғын жай әлеуеметтің осал тобына арналып тұрғызылған. Отбасылардың қуанышымен бөліскен өңір басшысы Ғали Есқалиев ел дамуы жолында қабылданған мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде көптеген істер оң шешімін тапқанын айтты. Бұдан соң көптен күткен қуанышты сәт те келіп, қоныстанушыларға кезекпен пәтер кілттері берілді. Тұрғындар жайлы баспаналарында барлық коммуналдық желілер жүйеге қосылғанын көріп, құрылыс мердігерлеріне ризашылық білдірді. Ал, қолданысқа берілген үйге қажетті абаттандыру жұмыстары көп ұзамай қолға алынатын болады. Тұрғын үйді аралап көрген қала әкімі Ғали Есқалиев үстіміздегі жылы тағы бірнеше үйдің кілті берілетінін жеткізді. Қаламызда он бес мыңға жуық пәтер кезегін күтушілер бар. Биылғы жылы облыс орталығында барлығы бес үй қолданысқа берілмек. Осы жылы барлығы 14 көп қабатты үй тұрғындар игілігі үшін салынады деп жоспарланған болса, соның үшеуінің құрылыс жұмыстары келер жылы аяқталмақ.