0:00 / 0:00
Мемлекет басшысы 2 сәуір күні Қарулы күштердің аумақтық әскерлерін жасақтау үшін әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыру туралы жарлыққа қол қойды. Негізгі мақсаты - халықтың денсаулығын қорғау. Президент жарлығынан соң әскери жиынға қатысқысы келетін жастардың да саны артқан. Жалпы, төтенше жағдай кезінде ел қорғауға жарайтын азаматтарын арнайы шақырып, техногенді немесе табиғи апаттардың, індеттердің және өзге де келеңсіздіктердің зардабын қоғам болып жою – әлем елдерінде бар тәжірибе. Қазақстан да мұндай тәсілді пайдалануға дайын. Тіпті арнайы заңда қабылданған. Өйткені түрлі төтенше жағдайлар кезінде оның зардабын жою, алдын алу ісінде тиісті қызмет мамандарының, Қарулы күштер сарбаздарының аздық етіп қалатын тұстары болатыны жасырын емес. Сол себепті бүгінгідей жағдайда баршаның жұмылғаны керек. Қазақстан қазір жаһандағы көптеген ел тәрізді коронавирустың таралуын тежеуге барын салып жатыр. Одан бөлек, кейбір аймақтарды көктемгі қарғын су басуы мүмкін екені де жиі айтылған. Ал күн болса жылынып келеді. Міне, дәл осындай сәтте әскери міндетті азаматтардың атқарушы билікке, төтенше жағдай кезінде қызмет етіп жатқан құрылымдарға көмекке келгені керек.Күшейтілген карантин кезінде қызмет атқаруға оралдық әскерилер де дайын дейді сала мамандары. Бүгінде арнайы шақыртуларға ниет танытушылар қатары көп. Олардың саны 300-ден асып кеткен. Арнайы жиындарға шақырылған азаматтар жұмысқа барғандай таңертең барып, кешке үйіне оралатын болады.