"Атамекен" балалар аула клубының ғимараты өткен ғасырдың 70-шы жылдары салынған. Содан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Осы кезге дейін балалар тар бөлмеде, жұпыны жағдайда сүйікті істерімен шұғылданып келген еді. Қала әкімдігі жағдайды ескеріп, жөндеу жұмыстарын жасаған болатын. Міне, балалар күні қарсаңында жөндеу жұмыстарынан кейін жаңа "Атамекен" комьюнити орталығы салтанатты түрде ашылды. Шараға қатысқан қала әкімі Абат Шыныбеков орталықтың бала тәрбиесі жолындағы маңыздылығын атап өтті. Шаһар басшысы салтанатты түрде қызыл лента қиып, орталықтың жұмысына сәттілік тіледі. Жалпы орталықта 5 үйірме жұмыс жасайды. Сол арқылы 70-тен аса бүлдіршін үйірме жұмыстарымен қамтылған. Ал 120-ға жуық бала бос уақытын орталықта тиімді өткізе алады. Ал олардың сапалы білім алуына және жаңа дүниелерді тез игеруіне 4 жетекші маман жауапты. Жалпы шаһарда 19 аула клубы болса, соның 5-еуі комьюнити орталығына айналған. Бұндай орталықтардың басты артықшылығы 7 және 14 жас аралығындағы бүлдіршіндер көңілі қалаған үйірмеге қатыса алады. Оған қоса орталық жанында дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ, үстел теннисі секілді спорттық сабақтар өткізіледі. Балалар күні қарсаңында шаһарда бірнеше мерекелік шара ұйымдастырылды. Оған қоса спорт алаңдары қолданысқа берілді. Бұндай ілкімді істер бүлдіршіндердің бос уақытын тиімді ұйымдастырып, мерекелік көңіл-күй сыйлауға бағытталған.