0:00 / 0:00
47 жасар Лариса Терещенконың барар жері, басар тауы қалмапты...Құзыретті мекеме мамандары оның туылғалы бері денсаулығында кінәрәті бар 7 жасар қызының мүгедектігі туралы анықтамасын алып тастаған. Ашынған ана бұны әділетсіздікке балайды. Себебі бүлдіршіннің сөйлеп, тұруы, жүруінде едәуір кемістік бар. Ендеше, оған неліктен мүгедектігі туралы анықтама берілмейді?
Ол - жалғызбасты ана. Осыдан 20 жыл бұрын апатқа түсіп, бас сүйегінің жарақатын алғалы бері «ауыр гипертониялық энцефалопатияға» ұшыраған. Содан бері әйелді ешбір жерге жұмысқа алмайтын көрінеді. Көзқуанышына айналған 7 жасар қызының бойынан да туылғалы бері ауру айырылмайды. Дәрігерлер кішкентай Каринаға «Туа бітті ішкі гидроцефалия, шашыранды қылилық» деп диагноз қойған, қарапайым тілмен айтқанда баланың басына сарысулы ісік жиналыпты.